Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнографтың 95 жылдығына арналған тағылымды жиын өтті
Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған тағылымды жиын өтті. Ұлттық руханияттың жоғын түгендеп, көмескі тартқан құндылықтарды қайта түлеткен тұлғаның өнегелі жолы «Жас ұрпақ» орталығының алтыншы отырысына арқау болды.
Жиын Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен елдік жолын арқау еткен фильм көрсетілімінен басталды. Туындыда этнографтың ұлттық құндылықтарды қайта түлетудегі еңбегі көрініс тапты. Соның бірі – Ұлыстың ұлы күнін халқымен қайта қауыштыруы. 1988 жылы Наурыздың ел көлемінде қайта тойлануына Өзбекәлі Жәнібеков мұрындық болған. «Жас ұрпақ» орталығының алтыншы отырысында қайраткердің немересі Әзел Жәнібек осы тарихи кезеңге тоқталып, тұлғаның ел жадында қалған еңбегі туралы естеліктерді айтты.
«Ерекше назар аударғанымыз «Наурыз» мейрамы. Бұл – қазіргі кезде мектеп оқушысы үшін де қалыпты нәрсе. Ал кезінде ешқандай ресми шаралар өткізген жоқ. Наурызды жаңғыртуға атамыздың қосқан үлесін айтып, мейрамның тарихымен таныстырдық», – деді Өзбекәлі Жәнібеков қоғамдық қорының президенті Әзел Жәнібек.
Келелі кездесуде мектеп оқушыларына Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық мұраны жаңғырту жолындағы еңбегі де кеңінен таныстырылды. Соның бір айғағы – Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі. Мәдени орданың тарихы этнографтың есімімен сабақтас. Көне аспаптарды түгендеуге ден қойған оның бастамасымен 1980 жылы республикалық музыкалық аспаптар музейін ашу туралы шешім қабылданып, араға бір жыл салып мұражай алғашқы келушілерін қабылдаған.
«Ұлттық аспаптар музейі 1981 жылы ашылды. Қазір бұл – Алматыда ең үздік музей. Кқрермен ең көп келетін, билет ең көп сатылатын музей. Арнайы келетін туристер саны артты», – деді Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар музейінің директоры Бауыржан Жәнібек
«Шараның негізгі мақсаты – еліміздің әр саласында қызмет етіп жүріп, белгілі бір жетістікке жеткен. нағыз еңбекпен, біліммен елдің дамуына үлес қосқан азаматтардың өнегелі өмір жолын жастардың арасында кеңінен насихаттау. Сондықтан да Алматы қаласының Білім басқармасы ұрпақтар сабақтастығы жобасының аясында іс-шараларды өткізіп жатырмыз», – деді Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев.
«Жас ұрпақ» орталығының алтыншы отырысының қорытындысында мұндай тағылымды кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. Орталық жетекшісі Бахтияр Камалұлы келесі басқосуларда Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сынды ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың мұрасын жас буынға кеңінен танытуды көздеп отырғанын жеткізді.
Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматы педагогтері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды