Қолөнер шеберлері көрмеге өздері дайындаған бұйымдарын әкеліп, көптің көзайымына айналды
Найза ұстаған батырлар. Көшпелі күйме. Ырысты тайқазан. Наурызнама онкүндігі аясында Қызылордада ұлттық киімдер шеруі өтіп, 1000-ға тарта азамат қазақы нақыштағы өрнектелген киіммен сән-салтанат құрды. Ал қолөнер шеберлері көрмеге өздері дайындаған бұйымдарын әкеліп, көптің көзайымына айналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүзге жуық ұжымнан ұйысқан тұрғындар түрлі үлгідегі киім киіп шерудің шырайын аша түсті. Достық үйінен басталған шеру өнер арбаты арқылы орталық алаңда түйінделді.
«Ұлттық киім – ата-бабадан жеткен асыл мұрамыз. Ұлттық киімді насихаттау және ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында өткізіліп отыр. Бұл жерде 100-ден атсам мекеме мен 1000-ға жуық азамат қатысуда», – деді қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев.
Шеруге шығып, ұлттық киімнің үлгісін насихаттаған ұжымның бірі – қалалық кітапханалар желісі. 70-ке тарта қызметкер қазақы нақышта тігілген киіммен көпшіліктің көзайымына айналды.
«Қалалық кітапхана қызметкерлері қазақы киіммен «жастарымызға үлгі болсын» деп орталық алаңғы шықтық. Біз жұмыста да ұлттық киімімізді киіп жүреміз», – деді қала тұрғыны Айжан Болатқызы.
Қолөнер шебері Нұршаһар Құдайберген көрмеге өзі дайындаған тоқыма бұйымдарын әкелген. Ісмердің өнімдері көптің қызығушылығын тудырды.
«Тоқыма бұйымдарымен айналысып келе жатқаныма 6 жыл болды. Бүгінгі көрмеге қолдан тоқылған аяқ киім, сумка, табақ қоятын төсеніштерімді алып келдім. Отандық өнім, қол өнері болғаннан кейін көп сұранысқа ие», – деді қолөнер шебері Нұршаһар Құдайберген.
Ұлттық киім – жай ғана шапан емес. Бұл – шежіре, тарих. Өйткені бабаларымыз сөзді тасқа емес, текеметке, кестеге, оюға жазған. Шапанның жағасындағы өрнек – елдің еңсесі, қамзолдың кестесі – ананың ақ тілеуі. Сондықтан бүгінгі шеру сән үшін емес, ұрпаққа ұлттық тамырын ұмыттырмас үшін ұйымдастырылып отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар басталады