Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған Алина отбасылық құндылыққа да аса мән береді
«Мемлекеттік тіл – бірлік үшін қажет. Оны әр жан үйрену мен үйретуден жалықпауы тиіс». Бұл - шәкірт жанына нұр құйып, қазақ тілін меңгеремін дегендерге ұстаздық етіп жүрген Алина Канның өмірлік ұстанымы.
Өз ұлты неміс болса да, «қазақ тіліне құрметті – басты міндет» санайтын ол осы күнге дейін 3 мыңнан аса адамды оқытқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
26 жастағы Алина Кан Алматы облысының Бақанас ауылында дүниеге келген. Ұлты неміс болғанымен, ең алғаш орысша былдырлапты. Мектепті де орыс тілінде тәмамдаған. Алайда жастайынан қазақша үйренуге ынтық болып, инженер мамандығын мемлекеттік тілде меңгеріп шығады. Осылай, 8 жыл бойы талмай талпынған ол бүгінде бар білгенін шәкірттеріне үйретіп, Отан алдындағы парызын өтеп жүр.
«Қазақ тілі өміріме маңызын арттырды десем, артық емес. Өйткені, менің жалпы достарымның барлығы – қазақтар. Қазақстанда тұрамын, қазақ тілінің арқасында нанымды тауып жүрмін. Сол себепті қазақ тілі менің өмірімде басты рөлдердің бірін ойнайды деп айта аламын. Үйде қазақша сөйлесеміз. Қазақстанда тұрған соң, балаларыма міндетті түрде қазақ тілін үйретемін, үйретіп жүрмін», – деді «Алаш» клубының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Алина Кан.
Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған Алина отбасылық құндылыққа да аса мән береді. Жолдасы кәріс ұлтының өкілі болса да, жанұяда қазақша сөйлеу, ұлттық тағамдарды жиі әзірлеу әдетке айналған. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысатын ол осы күнге дейін 11-ден 50 жасқа дейінгі 3 мыңнан аса адамға мемлекеттік тілді үйренуге септескен. Соның 500-ге жуығы қазір қазақша еркін сөйлейді.
«Соңғы 3-4 жылда кәдімгідей қазақ тілге сұраныс та, қызығушылық та өсіп кетті. Адамдар оқып жатыр. Өйткені, жұмыста да, қай жерге барсаң да қазақ тілі қажет. Адамдарда патриоттық сезім оянып жатыр. Негізі ата-бабамыз жеріміз үшін қаншама жұмыс жасаған, тер төккен, қан төккен. Сол үшін біз оны құрметтеуіміз керек. Тілімізді де, ұлтымызды да. Негізі тіл тірі болса, ұлт та тірі болады. Сол себепті адамдар үйреніп жатыр», – деді Алина Кан.
2022 жылы Алматыдағы «Сөйле» клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген Алина Кан 2024 жылы «Алаш» клубын ашқан. Сөзінше, шәкірттерінің 80 пайызы өзге ұлт өкілдері болса, 20 пайыздайы қазақтар. Осылайша, көпке қазақ тілін үйретіп жүрген неміс қызы «мемлекеттік тіл - бірлік пен татулықтың кепілі, ал тіл тұтастығы – ел тұтастығы» екенін алға тартты.
Айта кетейін, Алина Кан халықтар арасында бейбiтшiлiк пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн Президент қолынан «Шапағат» медалін алған.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әжімжанов
Оқи отырыңыз: Бағанашылдағы балалар үйі заманауи талаптарға сай қайта бой көтермек