Ұлылар ойлаған ұлт бірлігі – ұрпаққа аманат: Алматыда қандастар көшіне қатысты жобалар талқыланды

27.04.2026 21:15

Бастамалар шетелдегі қандастармен байланысты жүйелендіріп, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған

«Қандастарды қоғамға бейімдеу және көші-қон саясатын жетілдіру – кезек күттірмейтін келелі мәселе». Алматыда өткен «Ұлылар ойлаған ұлт бірлігі – ұрпаққа аманат» атты дөңгелек үстелге қатысушылар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жиын барысында қандастар көшінің қазіргі жағдайы, Отанға оралған ағайынның әлеуметтік әл-ауқаты мен қауымдастық жұмысы сөз болды. Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы бойынша филиал директоры Мұратхан Шоқанның бастамасымен «Сөз – ұлттық сана» клубы құрылып, «Қандастар үлесі» атты кітаптар сериясын шығару жоспары бекітілді. Бұл бастамалар шетелдегі қандастармен байланысты жүйелендіріп, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.

«Үлкен мақсат – келген қандастардың Қазақстан қоғамында дұрыс сіңісіп кетуіне  жолдарды көрсету. Алда жоспарларымыз көп, Құдай қаласа, қазақ көшіне бір қарқын беретін жоба жоспарлап отрмыз», – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы бойынша филиалы директоры Мұратхан Шоқан.

«Дүниежүзі қауымдастығының Алматы бөлімшесінде Мұратхан ағамыздың орынбасары болып, жауапты жұмысқа тағайындалып жатырмын. Бұл мен үшін үлкен абырой.  Шеттен келген қандастарымызбен, жастармен, балалармен тығыз байланыста елдің абыройын, намысын қорғауға тырысамыз», – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы бойынша филиалы директорының орынбасары Қанат Ислам.

Оқи отырыңыз: Неміс қызы 3 мыңнан астам адамға қазақ тілін үйреткен