Несие алдыртып, үйін сатқызып, соңында мазақ қылған: алматылық тұрғын алаяқтардың әрекеті туралы

29.10.2025 21:32

40 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған жігіт жанайқайын жеткізді

«Алаяқтар 40 миллионнан аса қаражатымды алып, сан соқтырды». Айлакерлердің арбауына түскен алматылық азамат осылай дейді. Оның айтуынша, алдымен бәзбіреулер «Сізге таныстарыңыз сәлемдеме жолдады» деп алдап, кейін банктік есепшотына шабуыл жасалып жатқанын айтып қорқытқан. Одан соң «қауіптің бетін қайтарамыз» деп несие алдырған. Ақыр соңында үйін сатқызған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Әдетте көпшілікті алдап, қаражатты иемденіп алғаннан соң алаяқтар ізім-қайым жоқ болып кетуші еді. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша. Олар жұртты арбауға түсіріп қана қоймай, ең соңында өздерінің айлакер екенін мойындап, кейін жәбірленушіге түрлі нөмірмен хабарласып, қолынан ештеңе келмейтінін айтып, шамына тиіп, тіпті мазақтың астына алып, келеке қылады екен. Яғни, әккілер енді психологиялық залал келтіруге де көшкен.

Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміздің сөзінше, оқиғаның өзі 2 қазанда басталған. Жұмыста отырған кезінде белгісіз нөмірден қоңырау түсіп, оған сәлемдеме жолданғаны жеткізілген. «Туған күнге орай таныстарым жіберген болар» деп, ештеңеден күдіктенбеген кейіпкеріміз өзін растау мақсатында хабарлама арқылы келген кодты айтып берген. Одан соң банктен хабарласып, есепшотына шабуыл жасалып жатқаны айтылған. Осы тұста оқиға өрби түскен. Әділет министрлігінің өкілімін деп таныстырып, бейнеқоңырау арқылы хабарласқан адам алаяқтарға кедергі жасау үшін, алматылыққа өз атынан несие алып, қисынсыз әрекетке тосқауыл қоюды ұсынған. Сөйтіп жас жігіт бас-аяғы 5 миллион теңге шамасында несие алып, қаражатты сол несиелердің күшін жою үшін қайта жолдаған.      

«Содан кейін Әлихан деген адам маған тағы да бір аудиофайл жібереді. Ол аудиофайлда былай дейді: “Біз киберполициядан алаяқтық істерді іздестіру барысында, сіздің атыңызға байланысты осындай аудиожазбалар кездесті”. Аудиофайлда орыс тілінде екі азаматтың диалогы жазылған, әңгіме жылжымайтын мүлік туралы болып жатты», – дейді жәбірленуші.

Қаражатты қалтаға басқаннан соң, өзін Әділет министрлігінің өкілі ретінде таныстырғандар «Алаяқтар енді үйіңізге көз тігіп жатыр» деп қорқытады. Нұсқау беріп, оларды ұстау үшін тәртіп сақшылары және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдерімен бірлесе арнайы операция өткізетінін айтады. Сендіріп, ақыры соңында баспанасын 36 млн 500 мыңға сатқызады. Ал ақшаны іске заттай дәлелдеме табу үшін керек болады деп қайта алғызады. Осылайша, ол қомақты қаражатты айлакерлердің қолына қалай беріп жібергенін білмей қалады.

«Біз ойлап отырмыз, бұлар бір ірі ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін. Өйткені олардың өз нотариустары, адвокаттары мен заңгерлері бар. Әр азаматқа хабарласатындар – заңды жақсы білетін, Қазақстанның заңнамасын зерттеген адамдар. Менің ойымша, оларда тіпті гипноздық әсер де бар сияқты», – дейді жәбірленуші.

Полиция департаментінің дерегінше, бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы бойынша іс қозғалыпты. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен. Бірақ жәбірленуші «құқық қорғау органдарының әрекеті баяу» дейді.

«Қазіргі таңда осы қылмыстарды ашуға бағытталған кешенді із кесу және тергеу амалдары жүргізілуде. Арнайы тергеу тобы құрылды. Оның құрамына Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері де қосылған болатын», - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал заңгерлердің сөзінше, оларға бір күнде алаяқтарға алданып қалған кем дегенде 20 адам хабарласып, көмек сұрайды. Сол себепті, арам ойлы әккілердің құрығына түспеу үшін әрі қандай да бір әрекет жасамастан бұрын, сала мамандары әр деректі қайта-қайта қарап, өзін заң өкілімін деп таныстырғандарды да қатаң тексеруі керек дейді.

«Осындай жағдайда алданған адамдардың ең басты қателігі – олардың сенгіштігі. Полиция қызметкерлері, яғни тергеу бөлімі арызды қабылдағанымен, көбіне қылмыстық іс қозғаудан бас тартады. Себебі, қылмыстың құрамы жоқ деп санайды. Расында да, бұл жерде қылмыс белгілерін анықтау қиын. Неге десеңіздер, жәбірленушілер, яғни алданған азаматтардың өздері несиеyi өз атына рәсімдеп, қомақты ақшаны қолына алып, өз еркімен тапсырады. Мұндай жағдайда қылмыс белгілерін дәлелдеу өте қиын», – деді Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Арман Шәріпов.

Дегенмен заңгерлер қолда дәлел-дәйек көп болса, тоқтамай арыз жазып, істі соңына дейін жеткізіп көруге тырысу – оңай ақша алуды көздегендердің жолын кесуге көмектесетінін айтады. Сондай-ақ олар жергілікті полиция бөлімшелері жұмысына салғырттық танытса, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға шағымданған жөн деп отыр.

Есте сақтаған жөн, адам сенімін пайдалану – қылмыс. Ал қылмыстың өтемі – жаза. Сол жаза күшейсе, бәлкім, өзгенің тағдыры бұзылмас па еді?    

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Жүріп-тұруымыз қиындады": СҚО-да сұйытылған газ тек талонмен беріліп жатыр