Шымкенттіктерді сумен қамтып отырған мекеме мемлекет меншігіне өте ме

19.11.2024 19:16

Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, мекеме стратегиялық нысанға жатады

Шымкентте мыңнан астам азамат жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы мегаполисті сумен қамтып отырған ірі кәсіпорын басшылығы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1998 жылы негізі қаланған мекеме Шымкенттің миллионға жуық тұрғынын сумен қамтамасыз етіп отыр. Ірі кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бүгін компания басшылығы Алматыға арнайы келіп, тілшілерді жинады. Мәселесін айтып, арнайы басқосу өткізді. Жиында мекеме өкілдері соңғы уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің тарапынан заңсыз тексеріс жиілеп, жұмыстарына кедергі келтіріп жатқанын айтты. Сондай-ақ көп жылғы еңбегімізді жоққа шығарып, кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткіземіз дегенге налып отыр.

"Олар мекемені "біріншіден, тарифтер өте жоғары" дейді. Екіншіден, мемлекет тарапынан берілетін субсидия мақсатына дұрыс жұмсалмайды. Үшіншіден, 26 жыл бұрын заңсыз жекешелендірілген. Төртіншіден, мекемені тиімсіз жеп ойлайды", – деді  "Су ресурстары маркетинг" ЖШС бас директоры Анарбек Орман.

Бірақ кәсіпорын басшылығы бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, компания жұмыс барысында озық технологияларды пайдаланып, сапалы қызмет көрсетуге барын салып келеді. Сондай-ақ мекеме өкілдері жергілікті биліктің кәсіпорынды үш рет сотқа бергенін айтып қалды.

"Біріншісінде де, екіншісінде де, тек бір талап-арыз берілген болатын осы компанияның барлық мүлкін мемлекеттің пайдасына қайтару жөнінде. Бірақ ол талап-арыздар негізсіз. Ешқандай заңға сілтеме көрсетілмеген, біріншіден. Екіншіден, бұл мекеменің мүлкі 26 жыл бұрын жекешелендіріліп алынған. Үшінші рет тек мүлікті қайтарып алу үшін емес, "Су ресурстары маркетинг" ЖШС құжаттарын заңсыз деп тану жөнінде талап-арыз берді", – деді адвокат Сағатбек Жұман.

Ал Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, мекеме стратегиялық нысанға жатады. Демек мемлекет меншігінде болуы заңды. Сондай-ақ билік өкілдері кәсіпорынға қатысты бірқатар кемшілікті тізіп шықты.

"Ірі мөлшерде экономикалық заң бұзылған. Осы орын алған кемшіліктерге байланысты экономиканы демонополизация комиссиясына ұсынылған. Сол комиссияның отырысында шешім қабылданған", – деді Су құбыры және канализация басқармасының бас технологі Нұриддин Жарболов.

Сондай-ақ қала әкімдігі мекеме мемлекет меншігіне өтсе де, жұмысшылар қызметін жалғастыра беретінін айтты. Ал кәсіпорынның басты талабы – жұмысын қалыпты режимде жалғастыру.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Елімізде қазанда 21 мыңнан астам жаңа көлік сатылған