Компания өкілдерінің айтуынша, бөлме өсімдіктеріне деген қызығушылық жыл санап артып келеді
Қыш-құмырада өсетін гүлдер алматылықтар арасында үлкен сұранысқа ие болып келеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Nicole» Қазақстандағы ең ірі тропикалық бақта екі мыңға жуық бөлме өсімдігінің түрі мен сұрпы дайындалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Nicole» – еліміздегі жалғыз тропикалық өсімдіктер көшетжайы әрі бау-бақша орталығы. 35 жылдан бері отбасылық кәсіп ретінде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы өсімдіктер әлемнің әр аймағынан жиналады. Мәселен олар өнімді 2004 жылдан бастап Нидерландтан алдыртады. Ал қазір тапсырыспен алатын аймақтар қатарында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де бар. Мұнда шөлейт аймақтардан әкелінген кактустар мен орхидеялар ерекше сұранысқа ие.
«Көшетжай үш бағыттан тұрады. Біріншісі – бөлшек саудаға арналған бау-бақша орталығы. Мұнда гүлдер, оларды күтуге қажетті барлық тауарлар, сондай-ақ бақша өсімдіктері бар. Екіншісі – ірі көлемді тропикалық жасыл желек жайы. Яғни, онда мейрамхана, қонақүй, сауда ойын-сауық орталықтары мен кеңселерді көгалдандырумен айналысамыз. Үшінші бағытымыз – ұсынылған өнімнің шамамен 15 пайызы, өзіміз өсіріп, дайындайтын тауарлар», – деді «Nicole» тропикалық өсімдіктер бағы мен бау-бақша орталығының директоры Наталья Потапова.
Компания өкілдерінің айтуынша, бөлме өсімдіктеріне деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Экотауарға деген сұраныс әсіресе 8 наурыз қарсаңында өседі. Соған сәйкес, әр өсімдік мерекелік маусымға алдын ала дайындалып, көктемнің алғашқы күндерінде жайқалып тұруы үшін ерекше күтіммен бапталады.
«Қазіргі таңда ұсынып отырған негізгі өніміміз – гүлдейтін өсімдіктер. Мысалы, раушан, цикламен, фаленопсис орхидеясы, бегониялар. Мына бегонияларға қараңыздаршы, сондай әдемі гүлдер. Оларға жаздыгүні Нидерландтағы өндірушілерге арнайы тапсырыс бергенбіз. Содан соң ерекше күтіммен өсіріліп, жақында ғана ұшақпен жеткізілді», – деді «Nicole» тропикалық өсімдіктер бағы мен бау-бақша орталығының директоры Наталья Потапова.
Айта кетейік, көшетжайдан өсімдіктерді сатып алудан бөлек, гүлдерді баптап, отырғызу жөнінде нұсқаулық алуға да болады.
Айдана Шалқар, Аида Иманәлі, Мейрам Исабеков