Мигранттар мәселесіне қатысты жаңа өзгерісті Еңбек министрлігі ашық талқылауға шығарды
Елімізде қандастарды қоныстандыру тәртібі өзгереді. Енді республика аумағында тұрғылықты жерін ауыстырған отандастарымыздың басқа аймақта жұмыс істеуіне тыйым салынбақ. Мигранттар мәселесіне қатысты жаңа өзгерісті Еңбек министрлігі ашық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайрат Сұлтанов – елге азаматтық алуға келген көп қандастың бірі. Былтыр екі қолға бір күрек іздеп, Отанға оралған. Туған жері – Өзбекстан. Ала шапанды ағайындар елінде өсіп, балалық шағы сонда өтіпті. Ес білген соң, атажұртқа оралуды көздеген. Этникалық қазақ отбасында туған ол қазір Қазақстан азаматтығына өтінім берген. Құжаты негізгі тәртіп бойынша 60 күн ішінде әзірленеді.
"Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттар тапсырдым. Осында бір жыл бұрын жұмысқа орналастым", – деді Өзбекстан азаматы Қайрат Сұлтанов.
Елде қандастарды қоныстандыру талаптары өзгеруі мүмкін. Министрлік қолданыстағы қағидаларының бірқатарына жаңашылдық енгізуді көздеп отыр. Отанға оралған азамат қоныстану аумағынан тыс жерде жұмыс істей алмайды. Қандастарға берілетін өңірлік квота келер жылдан бастап автоматтандырылады. Өзгеріс 2025 жылдың наурызынан күшіне енеді.
"Қандастар мен қоныс аударушылар үй сатып алған жағдайда, міндетті түрде үйдің құнын бағалап, әкеледі. Мансап орталықтары сатылып жатқан нысанға барып, нарықтағы бағаға сай, шешім қабылдайды", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі басқармасының жетекшісі Эльмира Тажиханова.
Министрлік ақпарына сенсек, соңғы 1 айда 2 мыңнан аса этникалық қазақ елге оралған. Ал биыл тарихи отанымен табысқан 14 мың 391 азаматқа қандас мәртебесі берілген. Атажұртқа қоныс аударып жатқандардың 45,8 пайызы Қытай, 39 пайызы Өзбекстан, 5,9 пайызы Моңғолиядан елге қайтқан. Елге келгендер еңбек күші тапшы өңірлерге жіберіліп жатыр. Бұл қатарда Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
Камшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Астана
Оқи отырыңыз: Көлік сақтандыру жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек