Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды
Әртараптандыру принциптерін енгізу және жоғары рентабельді дақылдарға басымдық беру ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуге және баға ауытқуының тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады, — деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Майлы дақылдар алқабы 4 млн гектардан, жемшөптік дақылдар — 3,3 млн гектардан асады. Қайта өңдеу жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп егісі 10 мың гектарға ұлғаяды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды. Сондай-ақ су ресурстарына түсетін салмақты азайту мақсатында күріш алқаптары 20,2 мың гектарға оңтайландырылды. Бұл ретте тамшылатып суару арқылы егілетін мақта алқаптары 29,8 мың гектарға артады. Егістің бекітілген құрылымы қажетті өнім көлемін алуға және сыртқы сұраныс конъюнктурасын ескеруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Вице-министр Азат Сұлтанов.
Оқи отырыңыз: Алматыда 11-17 мамыр аралығында ауа райы қандай болады