Нұрайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмірінің қалған күндерін түрмеде өткізуі мүмкін

11.08.2026 20:29

Бүгінгі процесте Шерхан Аймаханға психологиялық сараптама жүргізген мамандар да жауап берді

Шерхан Аймахан өмірінің қалған күндерін түрмеде өткізуі мүмкін. Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өткен бүгінгі сот процесінде прокурор айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы қылмысты дәлелдейтін айғақтар жеткілікті екенін де атап өтті. Бұған қоса, сарапшылар күдіктінің қанды оқиға болған күні аффект күйінде болмағанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпшілік назарындағы сот процесі аяқталуға жақындады. Бүгін тараптардың жарыссөзі өтті. Прокурор Шерхан Аймаханды бірнеше ауыр бап бойынша кінәлі деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынын өтеу туралы талап қойылды.

«Сотталушы Аймахан Шерхан ҚК 99 бабы 2-бөлігі 5-тармағымен, 125 прим 1 бабының 1-бөлігімен, 115 прим  1 бабымен кінәлі деп танып түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төтенше мекемесінде өтеуді тағайындауды сұраймын», – деді прокурор Мадияр Әбілқасымов.

Жәбірленуші тарап бұған дейін де Шерхан Аймаханды өмір бойына түрмеге жабуды сұраған. Олар бүгінгі жарыссөзде де бұл талабынан айнымады. Марқұмның жақындары Нұрайдың қазасы бір отбасының ғана емес, жалпы қоғамдағы қыз балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе екенін атап өтті.

«Бұл іс – тек Нұрай туралы емес. Бұл іс – Қазақстандағы әрбір қыздың «жоқ» деген сөзі заңмен қорғалуға тиіс екенін көрсететін іс. Әрбір еркін таңдауы қол сұғылмайтын құқық екенін көрсететін іс. Егер қоғам «жоқ» деген сөзді құрметтемесе, қайғылы оқиғалар тағы да қайталануы мүмкін», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.

Бүгінгі процесте Шерхан Аймаханға психологиялық сараптама жүргізген мамандар да жауап берді. Олар сотқа онлайн қосылып, айыпталушының ақыл-есі орнында екенін, ешқандай да аффект күйде болмағанын жеткізді.

–  Ол өзінің іс-әрекетін басқаруға, бағамдауға қабілетті болған.

– Сотталушы психикалық бұзылыс белгілері бар бола тұра қылмыс жасаған кезде әрекетін қылмыс ретінде ұғына алған ба?

– Иа, ұғына алған.

Десе де, прокурор сұраған жазамен айыпталушы тарап келіспейді. Оның адвокаттары Шерхан Аймаханды алып қашу және сталкинг баптары бойынша ақтауды сұрады. Еске салайық, сотталушыға бірден бірнеше ауыр айып тағылған. Олардың қатарында «сталкинг», «некеге тұруға мәжбүрлеу » және «аса қатыгездікпен адам өлтіру » баптары бар.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Қазақстанда суррогат ана қызметінің құны қанша

Толық көрсету