Өнер додасына 18 бен 35 жас аралығындағы жас таланттар қатысады
Қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтың 100 жылдығына орай Алматыда республикалық дирижерлар конкурсы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында баспасөз жиыны өтіп, онда байқаудың мақсаты мен шарттары түсіндірілді. Өнер додасына 18 бен 35 жас аралығындағы жас таланттар қатысады. Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен өнерпаздар Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен орындайды. Өз туындыларын көрсетуге де мүмкіндік беріледі. Жеңімпаздарды Дінзухра Тілендиева бастаған өнер қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құрылған қазылар алқасы анықтайды.
Қазақстан дирижерлар мектебін сақтай отырып, таланттарды анықтауға арналған конкурстың Гала-концерті 10 қазанда өтеді.
«Болашақта дирижерлар конкурсын тек республика көлемінде емес, халықаралық деңгейге жеткізсек деген ойымыз бар. Биыл Ресейден, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан ұсыныс келді», – деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлиев.
Оқи отырыңыз: Нұрғиса Тілендиев -100: Алматыда жылжымалы көрме ұйымдастырылды