Нұрлан имам: Құрбандықтың ең үлкені – ұрпағыңды дұрыс тәрбиелеу

instagram.com/nurlanimam.kz
instagram.com/nurlanimam.kz

Биыл Құрбан айт мейрамы 27, 28 мен 29 мамырға сәйкес келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Белгілі дінтанушы Нұрлан имам Байжігітұлы Құрбан айт мейрамының мәні тек мал шалумен шектелмейтінін айтып, ең үлкен құрбандық — саналы әрі иманды ұрпақ тәрбиелеу екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Имамның айтуынша, адам қанша жерден құрбан шалып, діни амалдарды орындағанымен, егер ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаса, оның қоғамға да, өзіне де пайдасы аз болады.

«Құрбандықтың ең үлкені – ұрпағын дұрыс тәрбиелеу. Сіз жыл сайын Құрбан айтта ірі қара болсын, түйе болсын, қандай малды құрбандыққа шалсаңыз да, ұрпағыңыз имансыз, ар-намыссыз, тілсіз, жетесіз болса, сіз шалған құрбандық қалай көмегін тигізеді?

Ұлы Абай да осыған қатысты айтып кеткен. Оның «Артыңдағы балаң жаман болса, қай балаңның дұғасы саған жәрдем береді? Сен өзің жаман болсаң, қай балаңның дұғасы сені құтқарады? Егер өзің жақсы болсаң, қай қазақ саған дұға қылмайды?» деген сөзі бар. 

Сондықтан айтарым, бүгінгі таңдағы құрбандықтың ең үлкені – ұрпағыңның дұрыс тәрбиесі», – деді Нұрлан имам «Жібек жолы» радиосына берген сұхбатында.

Имам Құрбан айттың негізгі мақсаты – мұқтажға көмектесу, мейірім мен жанашырлықты арттыру, адамды сабыр мен шүкіршілікке тәрбиелеу екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл мейрам ағайынның араласуын күшейтіп, балаларға ізгілік пен адамгершілік құндылықтарды сіңіруге мүмкіндік береді. 

Айта кетсек, исламда құрбандық шалу — Алла разылығы үшін жасалатын құлшылықтың бірі. Бұл күндері жағдайы бар азаматтар құрбан шалып, етін мұқтаж жандарға таратады. Осы арқылы қоғамдағы мейірім мен жанашырлық артады. Яғни, құрбандық шалу – тек діни рәсім ғана емес, қоғамдағы бірлік пен қайырымдылықты нығайтатын сауапты амалдардың бірі.  

Оқи отырыңыз: Алматыда Құрбан айтта 12 жерде ғана құрбан шалуға болады

Новости партнеров