Нұржан Жақыпов: «Жаңартылған Конституция мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысын арттырады»

01.07.2026 12:17

Сарапшы сондай-ақ өкілді органның жаңа моделінің артықшылығына тоқталды

РСК Алматы

Жаңартылған конституция күшіне енген күні «Yunur Consulting» ЖШС-нің директоры, «Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы Нұржан  Жақыпов Өңірлік коммуникациялар қызметінде осыған орай пікір білдірді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарапшы Халық кеңесі институты мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайту алдағы кезеңдегі негізгі бағыттың бірі екенін айтады.

«Біз қоғамдық сектор өкілдері ретінде Халық кеңесі институтымен, қоғамдық бірлестіктермен, өңірлік қоғамдық кеңестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Атап айтқанда, Алматының қоғамдық кеңесі тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз ететін маңызды ақпараттық әрі институционалдық серіктес бола алады», – деді.

Сарапшы сондай-ақ өкілді органның жаңа моделінің артықшылығына тоқталды. Оның пікірінше, өңірдегі партия өкілдігінің болуы азаматтардың өздері таңдаған өкілдермен байланысын жеңілдетеді.

«Белгілі бір саяси партияны қолдаған азамат сол партияның өңірлік филиалына жүгініп, сұрақ қойып, депутатпен кездесу ұйымдастыра алады. Мұндай тетік халық пен депутаттар арасындағы байланысты қолжетімді әрі жүйелі етеді. Партиялық құрылымдар азаматтардың өтінішін жедел қабылдап, оларды депутаттарға жеткізу арқылы өкілді органдар жұмысының тиімділігін арттырады», – дейді Нұржан Жақыпов.

Сонымен қатар Нұржан Жақыпов бір палаталы парламент моделінің шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазір әлем тез өзгеріп жатыр. Көп жағдайда мемлекеттен шұғыл жұмыс істеу керек болады. Сондықтан заң шығару процесінің жеделдігі мен икемділігі маңызды артықшылық саналады», – деп атап өтті сарапшы.

Нұржан Жақыповтың пікірінше, жаңартылған конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын кеңейтіп, қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға берік негіз қалайды.

Оқи отырыңыз: Мақсат Жақау: «Жаңартылған конституция – Қазақстанның қазіргі замандағы сын-қатерге берген жауабы»