Оқытушыға пышақ жарақатын салған студент ұсталды

Зардап шеккен оқытушы аталған студентпен байланысы болмаған, мүлде дәріс оқымаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда оқытушыға пышақ жарақатын салған студент ұсталды. Жаға ұстатарлық жағдай қаладағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Логистика және көлік академиясында болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға жұма күні дәл осы оқу орнында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, студент шамамен 35 жастағы оқытушының мойын тұсына пышақ жарақатын салған. Абырой болғанда, суық қару денесін үстірт жаралаған. Бейресми дереккөздерде оқиға білім алушының алған бағасына байланысты болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Алайда университет басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Сөзінше, күдіктінің сабақ үлгерімі жақсы, мінезі тұйық. Сондай-ақ зардап шеккен оқытушы аталған студентпен байланысы болмаған, мүлде дәріс оқымаған.

«Студентіміз университетке пышақ алып кірген. Ол дәретханаға мұғалімнің артынан кіріп, белгісіз себептермен пышақ кезеген. Бала сабақтан қалмаған, үнемі қатысады. Жанындағы достарының айтуынша, тұйық мінезді, ешкіммен қарым-қатынаста болмаған. Сабаққа келеді, қатысады. Мінездемесі жақсы», – деді «ALT university» аппарат жетекшісі Жәнібек Смадияров.

Университет басшылығы «оқу үлгерімі жақсы студенттің мұндай әрекетке неге барғанын өзіміз де түсінбедік» дейді. Сол күнгі у-шудан кейін қауіпсіздік қызметкерлері жасөспірімді ұстап, дереу полицейлерге тапсырған. Бүгінде қалалық Полиция департаменті аталған іске қатысты іс қозғап, күдіктіні қамауға алыпты.

 «Аталмыш дерек бойынша Алмалы аудандық Полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталуда», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мойын тұсынан жарақат алған 35 жастағы мұғалім штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Ал екінші курс оқитын студенттің қандай жауапкершілік арқалайтыны тергеуден кейін белгілі болмақ.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Қостанайда қайырымдылық атын жамылған заңсыз діни қызмет анықталды

Новости партнеров