Республика сарайында өткен салтанатты іс-шараға шаһардың 2,5 мыңға жуық педагог қатысты.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Алдағы жексенбі қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек иелері – ұстаздар күні. Осыған орай Алматы қаласының әкімі мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мерекелік іс-шараға жас мамандардан бастап, ұзақ жылдар бойы саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагер ұстаздар қатысты. Республика сарайында өткен салтанатты жиын қала әкімінің құттықтауынан басталды. Шаһар басшысы ұстаз қашанда қоғамның тірегі болып қала беретінін тілге тиек етіп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі адалдығы үшін мұғалімдерге алғыс білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде мектеп инфрақұрылымын дамытуға айрықша тоқталды.
«Балаларымыз заманауи мектептерде білім алуда, ал ұстаздарымызға қолайлы орта құруға мүмкіндік беріліп отыр. Ұстаздар мерекесі қарсаңында 5 жаңа «Келешек мектебінің» тұсауы кесіліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 мектеп пайдалануға беріліп, барлығы 20 жаңа білім ошағы ашылады. Оның бәрі –Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты нәтижесі», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Іс-шара барысында марапаттау рәсімі де өтті. Қаланың үздік ұстаздары Алматы әкімі атынан жоғары кәсібилігі, мамандығына адалдығы және білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын «Алматы ұстазы» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Топ жарғандарға шетелден тағылымдама алу үшін сертификат табыс етіліп, бас жүлде иегеріне 5 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді.
«Алматы ұстазы» өте жоғары деңгейде өтті. Біз сағат 9:00-де бастадық, кешкі 18:00-ге дейін созылды. Екі кезеңнен тұрды. Үшінші этаптың өзі 2 кезеңнен тұрды. Бірінші өз жобамызды қорғадық. Екінші кезеңде сұраққа жауап бердік. Ал бүгінгі кештің ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары», – деді «Almaty ustazy» байқауының жеңімпазы Нұрсұлтан Сағынтайұлы.
«Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтқым келеді. Жас мамандарды қолдап, халықаралық жолдама беріп жатыр. Үлкен тәжірибе алмастық», – деді «Almaty ustazy» байқауының жүлдегері Еркежан Маралова.
Айта кетейік, ауқымды іс-шара Алматы қаласы әкімдінің қолдауымен ұйымдастырылған. Ал құшағы гүлге толған ұстаздардың қуанышында шек жоқ.
«Бүгінгі мереке өте тамаша өтіп жатыр. Ұстаздық мамандық – ұлы мамандық дер едім. Себебі бүкіл адамзатқа білім мен тәрбиені қатар беріп, оны тұлға етіп тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Сондықтан өзге мамандықтарға қарағанда бұл сала әрбір ұстаздың өмірінің өзегіне айналып кетеді», – деді Ы. Алтынсарин атындағы № 159 мектеп-гимназиясының мұғалімі Мираш Сауғабаева.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты. Сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары, мектеп ансамбльдері өнер көрсетіп, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Ұстазыма рақмет: Алматы мектептерінің бірінде оқушылар қойылым қойды