Өлімге айыпты адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру керек: сот отырысында Шерзаттың анасының пікірі оқылды

02.06.2025 21:15

Сөз алған адвокаттар өз қорғауындағы азаматтардың еш кінәсі жоқ екенін барынша дәлелдеп бақты

«Сотталушыларды қатаң жазаға тартып, өлімге айыпты адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру керек». Бүгін Шерзат Полаттың ісіне қатысты кезекті сот отырысында марқұмның анасы Гүлбара Бишембиеваның ойын оның қорғаушысы жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сот процесінде сотталушылардың қорғаушылары кезектесе сөз сөйледі. Ағайынды Тоқтаубаевтардың адвокаты тергеу амалдарының өз қорғауындағы азаматтардың құқығын бұза отырып жүргізілгенін мәлімдеп отыр. Айтуларынша, куәлердің де сөзі бір-біріне қарама-қайшы екен.  

«Бастапқыда сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Нұрболдан жауап алынған кезде оны қорғаушысыз сұраған. Екіншіден, Қылмыстық процессуалдық кодекстің 74-бабына сәйкес, оған жақын туысқандарына куәлік беруден бас тарту туралы құқығы түсіндірілмеген», – деді айыпталушылардың қорғаушысы Гүлмира Бабажанова.

Сондай-ақ адвокат оқиға орнындағы пышақтардың Тоқтаубаевтарға тиесілі емес екенін айтып отыр. Ал Дидар Қалиахметтің қорғаушылары Қаржаубай Нұрымов, Гүлмира Бишембиева және  Жұмабике Қадырованы жауап тарту қажет деп санайды.

«Бейнежазбада Қаржаубай Нұрымов үш мәрте дүкеннен пышақ алып шығып, оны пайдаланғаны көрсетілген. Осыған байланысты сізден Шерзат Полат, Нұрқанат Ғайыпбаев және Қаржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша жеке қаулы шығарып, істі Алматы облысының прокуратурасына жолдауыңызды сұраймын», – деді айыпталушының қорғаушысы Гауһар Баймұханова.

Бүгін сөз алған адвокаттар өз қорғауындағы азаматтардың еш кінәсі жоқ екенін барынша дәлелдеп бақты. Олардың айтуынша, сотта айыпталушыларға қатысты нақты дәлелдеме ұсынылмаған. Ал Нұрқияс Ілиясовтың қорғаушысы тергеудің о баста қоғамдық пікірдің әсерімен айыптау бағытында жүргізілгенін алға тартты. Атап өтейік, бүгінгі процесстің бірінші бөлігінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға нақты мерзім сұраған. Ол тағылған айыптардың Қылмыстық Кодекстегі «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», сондай-ақ «Ауыр қылмыс , туралы хабарламау» баптары бойынша қаралғанын жеткізді. Бұл негізде айыпталушы тарап кемі 7, ең көбі 23 жылға сотталуы мүмкін. Ал кәмелетке толмаған Дидар Ысқаққа 1 жыл 6 ай мерзім сұралды. Айтпақшы, айыптау тарабы «Куә ретінде сөз алған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекеттері өздері айтқан нұсқаға сай келмейді» деп мәлімдеп отыр.

«Олар өз сөздерінде қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері автокөлікте болғанын айтқан. Алайда, тергеу барысында алынған нақты деректер мен видеоматериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарады. Біз зерделеген Тойота Прада автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өздерін еркін, дөрекі және ең бастысы, болған қырғын оқиғаға қарамастан ешбір уайымсыз, сотталушылармен бірге көңілді отырғандары байқалады. Бұл олардың шок жағдайда болмағандарын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана үнсіздік танытқандарын айғақтайды, – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай,

Бүгін сот процессінде марқұм Шерзат Полаттың анасының да пікірі оқылды. Ол сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды, айыпты адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды. Отырыс әлі де жалғасады.

Рүстем Айткәрім, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Сотты әдейі адастыруға тырысқан: Дана Сәрсенбай куәгерлердің әрекеті сөзіне сай келмейтінін айтты