Сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне қатысы барларға нақты мерзім сұрады
Айыптау тарабы сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне қатысы барларға нақты мерзім сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Прокурор таққан айыптар Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», сондай-ақ «Ауыр қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша қаралған.
Нақтырақ айтсақ, Дана Сәрсенбай сотталушы Абзал Шынасылды 23 жылға, Равиль Сәкиевті 20 жыл, ал Азамат Тоқтаубаевты 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор Нұрқияс Ілиясовты 9 жылға, ал Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев пен Дидар Қалиахметті 7 жылға жауапкершілікке тарту керек деп санайды. Кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақты да «Ауыр қылмыс туралы хабарламау» бабына сүйеніп, 1 жарым жылға бас бостандығынан айыру сұралды.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы «Шындыққа жету жолында сотты әдейі адастыруға тырысқан тұлғалардың болғанын» айтты. Мәселен куә ретінде сөз алған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің әрекеті өздері айтқан нұсқаға сай келмейтін болып шықты.
«Олар өз сөздерінде қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері автокөлікте болғанын айтқан. Алайда тергеу барысында алынған нақты деректер мен видеоматериалдар бұл мәлімдемені толығымен теріске шығарады. Біз зерделеген Тойота Прада автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өздерін еркін, дөрекі және ең бастысы, болған қырғын оқиғаға қарамастан ешбір уайымсыз, сотталушылармен бірге көңілді отырғаны байқалады. Бұл олардың шок жағдайда болмағанын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана үнсіздік танытқандарын айғақтайды», – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Оқи отырыңыз: Қарағандыда екі шенеунікке үкім шығарылды