Өліммен арпалысқан ай: 27 мың вольттық тоққа түскен жасөспірімге 18 ота жасалды

 Дәрігерлердің айтуынша, ем тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда 27 мың вольттық электр тоғына түскен жасөспірімнің беті бері қарады. Ер бала 43 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, жақында жеке палатаға шығарылды. Дәрігерлердің сөзінше, мұндай жарақаттарда аман қалу мүмкіндігі өте төмен. Әлемдік және республикалық статистикаға сәйкес, зақым алған балалардың шамамен 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Аты-жөні мен жүзін көрсетпеуді өтінген жасөспірім 25 маусымда достарымен бірге теміржол вагонының төбесінде суретке түспек болған. Жүк пойызының үстіне шыққанда тоқ соққан. Салдарынан денесінің 60 пайызын күйік шалып, 1 жарым айдан аса уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Бүгінде жеке палатаға ауыстырылыпты. Қазір оның жанында әжесі бар.

«Жолда келе жаттық. Локомотивті көріп, суретке түсу туралы ой келді. Досым екеуіміз вагонның төбесіне шықтық. Мен отырып, бір суретке түсіп үлгердім. Кейін досымның айтуынша, мен орнымнан тұрған кезде электр тоғы соққан. Содан кейін жерге құлаппын. Досым жедел жәрдем шақырған», – деді науқас.

«Дәрігерлерге, медбикелерге, жұмыс істейтін барша қызметкерге, алғысым шексіз. Барлығына бас иемін. Егер дәрігерлер мен немереме күтім жасаған медбикелер болмағанда, ол тірі қалмас еді. Мұндай жағдайдан аман қалу өте сирек кездеседі», – деді науқастың әжесі.

Ақ халаттылардың сөзінше, жасөспірім өте ауыр жағдайда жеткізілген. Терісінің зақымданған бөліктерін қалпына келтіру және тері ауыстырып салу бойынша 18 ота жасалған.

«Бала терең күйік алған. Сонымен қатар, қан тобының төртінші теріс екені анықталды. Өте ауыр кезеңнен өтті. Ең бастысы аман қалды. Қатты зақымданған қол-аяқтарын кесуге жол бермедік. Қолдан келгенше бәрін жасадық», – деді травматолог дәрігер Мирас Елжасов.

 Дәрігерлердің айтуынша, ем тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін. Ал жасөспірім болашағын медицина саласымен байланыстырып, ақ халатты абзал жан атанғысы келеді екен.

Диана Тұрлыбек, Елисея Томашевская

Оқи отырыңыз: Алматыда омыртқаға жасалатын құны 5 млн теңгеге дейінгі оталар тегін жүргізіледі