Үкімет басшысы инклюзия саласындағы мамандар тапшылығын шешуді жүктеді
Премьер-министр мұғалімдерді даярлауды күшейтуді және психологиялық-педагогикалық көмектің қолжетімділігін кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды сүйемелдеу жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
«Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия мұқтаж балаларды түгел кешенді тексеруден өткізіп үлгере алмай жатыр. Ұзын кезек бірнеше айға дейін созылып кетуде. Арнайы мамандар – яғни логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді. Педагогтерде ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеу дағдысы толық қалыптаспаған. Мысалы, мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен қалай тиімді қарым-қатынас орнату керектігін біле қоймайды. Оны азаматтардың көптеген өтініштерінен байқауға болады», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне тапсырма берді:
- ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша мұғалімдерге арналған оқыту курстарын тұрақты негізде өткізсін.
- 1-ші қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің, кадрлармен қамтамасыз етуді арттырудың және қолдау қызметтерін күшейтудің сапалы жаңа моделін енгізсін.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Біздің міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсету