Олжас Бектенов Шымкенттің индустриялық дамуымен танысып, жол сапасын жақсарту жұмыстарын тексерді
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов индустриялық аймақтар аумағының толық жүктелуін қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамыту және автожолдар сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атап айтқанда, «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарына барып, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы учаскесін қарап шықты.
Шымкентте жалпы 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың аумағы 90%-ға толған, онда 354 жоба жүзеге асырылған. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есе өскен. 2026 жылғы қаңтар – қыркүйекте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4%-ға, 580 млрд теңгеге дейін өсті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 10,5 млрд теңге сомасына 1 480 жоба қамтылды. Әлеуметтік маңызды бағыттарға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге 439,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, сыртқы істер министрліктеріне және Шымкент әкімдігіне зауыттардың ағымдағы қуатын кеңейту үшін қажетті қолдау шараларын қабылдауды, сондай-ақ индустриялық аймақтар аумағының толық жүктелуін қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: ҚТЖ-ның 193 станциялық жолында күшейтілген орташа жөндеу жұмыстары аяқталды