Өмір бойы өтемақы төлесін: Астанада құрлысшылардың туыстары компанияға талап қойды

24.11.2025 19:53

Бесінші қабаттан құлап кеткен үш жұмысшының жағдайы мәз емес

Астанада бесінші қабаттан құлап кеткен үш жұмысшының туыстары «құрылысқа жауапты компания өмір бойына өтемақы төлесін» деп талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайлығы оқиға 18 қарашада шамамен сағат 11:00-де болған. Астананың қақ төрінде салынып жатқан тұрғын үй кешенінің бесінші қабатында кірпіш қалап жүрген үш адам құлап кеткен. Полиция мәліметінше, жұмысшылар биікте орнатылған құрылыс жабдығының үзілуі салдарынан құлаған. Зардап шеккендерді жедел жәрдем уақыт оздырмай ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер ауыр жарақат алғандардың бірі Жасұлан Батырғалиевке 5 сағатқа жуық операция жасаған. 44 жастағы азаматтың жары Айнұр Батырғалиеваның айтуынша, жолдасы 20 жылдан бері құрылыс саласында тер төгіп жүр. Үш баланың әкесі апат болған нысанға жұмыс істеуге осыдан он шақты күн бұрын келіпті. Құлап кеткен өзге екі азаматтың бірі Жасұланның туған інісі екен. Бір үйдің қос азаматы зардап шекті деген Айнұр Батырғалиева «жауапты компания қауіпсіздік техникасын сақтамаған» деп отыр.

«Біз өмірлік емі бар, бәрін мойнына алуын талап етеміз. Кінәлі деп есептейміз. Техикалық қауіпсіздік сақталмаған.олар келгенде, шыққанда қол қоюы керек, мұнда мүлдем жоқ екен», – деді Ж. Батырғалиевтің жары Айнұр Батырғалиева.

Зардап шеккендердің бірі Ерсұлтан Төкеновтің әпкесі Назгүл Сакубашева айтуынша, сот аталған тұрғын үйдің құрылысын тоқтату туралы 22 шілдеде шешім шығарған. Алайда құрылысқа жауапты компания бүгінге дейін жұмысын жалғастыра берген. Ол соттың шешімі туралы жұмысшылар хабарсыз деп отыр.

«Сот шешіміне қарамастан қалай жұмысты жалғастырған? Компанияның жұмысты ары қарай жалғастыруға рұқсаты бар ма? Нақты осы тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтату туралы шешім болған. 22 шілдеде сот Есқалиева шешім шығарған», – деді  Е.Төкеновтің әпкесі Назгүл Сакубашева.

Зардап шеккен үш азаматтың бірі – Ерлан Батырғалиев.  Дәрігерлер «хәлі жақсы» деп, үйіне шықты. Оның ағасы Жасұланның жағдайы ауырлау. Кеше реанимациядан шығыпты. Қазір білікті дәрігерлер оның көзін аман алып қалу үшін әрекет етіп жатыр. Ал Ерсұлтан Төкеновтің аяғына операция жасауды жоспарлап отыр.

«Жағдайы дұрысталғаннан кейін жоспарлы операция жасаймыз деп шештік. Сол жақ аяғына аппарат қояды да, оң жақ аяғына остисинтез жасайды», – деді  Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Батыр Айтмолдин.

Біз құрылыс жүріп жатқан алаңға бардық. Қазір мұнда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Жұмыс тоқтап тұр. Құрылысқа жауапты компания өкіліне қоңырау шалып едік, ол жұмысшыларға мердігер ұйым жауапты екенін жеткізді. Қазір істің ақ-қарасын анықтау үшін полиция тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Астандан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында әскери қызметкер басына бөтелке жарам деп жанарынан айырылды