Салтанатты жиында оқырманмен ашық сұхбат құрылып, инклюзивті қоғамды дамытудағы өнердің рөлі талқыланды
Алматыда тастанды балалардың тағдырын суреттейтін әлеуметтік маңызды кітаптың тұсауы кесілді. «Өмір-ғайып» атты жаңа туындының авторы – қоғам белсендісі, инклюзивті мәдениет жанашыры Жүзбай Серік, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан 15 жылдан астам уақытын ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесіне арнап, 100-ден астам сәбидің анасымен қауышуына септігін тигізген. Іс-шара барысында автор бұл туындының жай ғана шығарма емес, қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелерге үн қату және адамгершілік құндылықтарды жаңғырту екенін атап өтті. Салтанатты жиында оқырманмен ашық сұхбат құрылып, инклюзивті қоғамды дамытудағы өнердің рөлі талқыланды.
«Бұл жай ғана кітап емес, оның әр бетінде тағдыр бар, әр жолында шын өмір, әр сөйлемде жүректің үні жатыр. «Өмір ғайып» ойдан шығарылған оқиға емес, бұл – өмірден алынған шындық. Бұл – көзбен көріп, жүрекпен сезінген шындық. Тастанды баланың тағдыры, ананың ішкі арпалысы, қоғамның үнсіздігі осы кітапта бейнеленген», – деді «Өмір-ғайып» кітабының авторы Жүзбай Серік.
Оқи отырыңыз: Алматыда Абай ұлттық мектебі жаңа ғимаратқа көшірілді