Өмір мен шахмат – егіз ұғым: сәтбаевтық қария 88 жасына дейін шәкірт тәрбиелеген

Әзірбек Молдағалиевтің өмірі де осы шахмат тақтасына ұқсайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі жасы ең үлкен шахматшы Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында тұрады. Тоқсанға таяған Әзірбек Молдағалиев үшін өмір мен шахмат – егіз ұғым. Ала тақтаның басында ол қарсыласымен де, уақытпен де шебер тартысып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әзірбек Молдағалиевтың шахматқа деген қызығушылығы жиырма жасқа таяған шағында басталыпты. Алғашында әуестікпен болған ойын кейін өмірлік серігіне айналған.

«Қазіргі Астана 1965 жылы Целинаград болатын.  Шахматтан команда арасында жарыс болды. Ол уақытта Қарағанды облысы едік. Қазақстан бойынша 2 орынды алдық, содан бері ойнап жүрмін», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Әзірбек Молдағалиев.

 Сол уақыттан бастап Әзірбек атаның шахматтағы жеңісті жолы басталды. Ол тек жарыстарда бақ сынап қана қоймай, білгенін кейінгі буынға үйретті. КСРО спорт шеберлігіне үміткер атанып, 10 рет чемпиондық тұғырдан көрінді. Ал ұстаздық жолында талай жастың қабілетін шыңдап, 88 жасына дейін шәкірт тәрбиелеген.

«Сәтбаевтың мектептерінде 40 денешынықтыру пәнінің мұғалімі бар. Бірақ солардың біреуі шахматқа жақын емес. «Олар шахмат жүргізе алмайды, сіз соларды үйретіңіз» деді. Мектеп жасындағы балаларды 8-9 жыл үйреттім», – деді Әзірбек Молдағалиев.

Әзірбек атаның шахматтағы шәкірттері аз емес. Ең жақын шәкірті әрі ізбасары – өзінің ұлы. 63 жастағы шахматшы өз шәкірттерін тәрбиелеп, әкесінен алған тәлімді кейінгі буынға үйретіп жүр. Өзге де шәкірттері ұстазын ерекше құрметтейді. Олар үшін Әзірбек ата – шахмат шебері ғана емес, өмірлік ұстаз.

«Әзеке дейміз өз арамызда. жастарға үлгі болып Қазақстандағы ең үлкен шахматшы.  Өте тәжірибелі ойыншы, мықтылардың бірі. Үнемі жарыстарға қатысып тұрады. Өзі ғана қатыспайды, оқушылары да, ұлдары да қатысып тұрады. Әулетімен шақмат ойнайды», – деді Ә. Молдағалиевтің шәкірті Бағдат Байсалбеков.

«Әзірбек атаны бала күніменен танимын. Ол кісімен бірнеше рет жарысқа бардым. Ойындарына қарайтынмын. Ол – Қазақстанға танымал шахматшылардың бірі. Біздің өңірде шахмат ойыны дамып жатыр. Өзімде осы шахмат саласында жұмыс жасаймын. Тренер боламын. Балаларға шахмат үйретемін», – деді Ә. Молдағалиевтің шәкірті Жалғас Қаржаубай.

Шахматта әр фигураның өз орны бар. Бірі қорғайды, бірі шабуылдайды. Бірақ жеңіске жету жолындағы мақсаты бір. Әзірбек Молдағалиевтің өмірі де осы шахмат тақтасына ұқсайды. Жастық шағы – алғашқы жүріс. Жарыстар мен чемпиондықтар – күреске толы партия сынды. Ал артынан ерткен шәкірттері мен ұлы – сол мағыналы өмірдің өміріндегі ең үлкен жеңісі.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Тәтті бизнестің сыры: жетісулық омарташылар ара шаруашылығын қалай дамытып жатыр