Өндірістегі қауіпсіздік сақталмаса, басшылық жалақысыз қалуы әбден мүмкін

Елімізде 479 мың адам денсаулығына зиян келтіретін ауыр және қауіпті жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 479 мың адам денсаулығына зиян келтіретін ауыр және қауіпті жұмыс істейді. Олардың 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Жұмысшылардың дені Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында тер төгіп, нәпақасын тауып жүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Үкімет басшысы сөзді алдымен Еңбек министріне берді. Баяндамасын мәнерлеп оқып шыққан Асқарбек Ертаев Премьер Бектеновке сұмдық жайтты бүкпесіз айтты. Сөзінше, кей жұмыс берушілер жұмыс уақытында қызметкерлері жарақат алса, жасырып қалуға барынша тырысатын көрінеді. Ертаевтың командасы биылдың өзінде осындай 39 жағдайды анықтаған. Ең көп зардап шегетіндер қызмет көрсету саласында тер төгетіндер болса, одан кейінгі орындарға өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс секторы жайғасқан. Ал өңірлер бойынша үштікке Атырау, Ақмола облыстары мен Астана қаласы кіреді. Біз министрден мұндай жағдайды жасырғандардың жазасы туралы сұрадық.  

«Жағдай бойынша айыппұл емес, тергеу болды. Әр тергеу біткеннен кейін жұмыс берушіге айыппұл салынды, жауапкершілікке де тартылды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Жұмысшылардың жарақатын жасыруға тырысқан 39 жұмыс беруші 11 миллион 700 мың теңге айыппұл арқалапты. Асқарбек Ертаев кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалар мен еңбек дауларының алдын алу үшін «Еңбек тәуекелдері картасы» деп аталатын цифрлық жүйені іске қосқан. Ол ақпараттық платформа арқылы 98 мың кәсіпорынға мониторинг жүргізіп, оның 2300 мекемені ерекше бақылауға алған. Осы тұста елімізде өндіріс орындарының қауіпсіз жұмыс істеуін қадағалайтын мамандардың тапшы екенін білдік. Төтенше жағдайлар вице-министрі елде бар-жоғы 362 инспектор барын жеткізді. Ол 150-ге жуық маман қажет.

1 шілдеден бастап инспекторларға 30-дан 70 пайызға дейін үстемақы берілетіні мәлім болды.

«Инспекторлар әркім өзінің бағыты бойынша маман ретінде бекітілген. Сол жұмыстарының шеңберінен артық ештеңе істемеді. Кен орындарын тексеру енді-енді күшейіп келеді, пайымдай келк, үстемақы төлейміз», – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев.

Кәсіпорындардағы қауіпсіздік шаралары туралы сөз болған отырыста «Қазмырыштың» бас директоры Жанат Жанботин де баяндама жасады. Ол өзі басқаратын компанияның кәсіпорындары барынша қауіпсіздікті сақтайтынын айтып, атқарылып жатқан шаруаларды тізіп шықты. Алайда Премьер Бектенов Жанботиннің баяндамасына күмән келтіріп, мамыр айында болған қайғылы оқиға айтылған сөздің бәрін жоққа шығаратынын жеткізді.

«Жақсы баяндап тұрсыз, бірақ мамырда болған оқиға сөзіңізді жоққа шығарып отыр. Сондықтан қосымша белсенді шаралар қабылдаңыздар! Отырыңыз», – дедіҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Өндірістегі қауіпсіздік нашар болса, басшылық жалақысыз қалуы әбден мүмкін. Бектенов осындай жаңашылдық енгізуге бекініп отыр. Ол Еңбек министріне ірі кәсіпорын басшыларына өндірістегі жарақатты азайтуға қатысты қатаң талап қоюды тапсырды. Сондай-ақ қауіпсіздік деңгейі әлі де төмен кәсіпорындарды бақылауда ұстап, жабдықтарды дер кезінде жаңартып отыру қажет екенін айтты.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қауіпті өндірістік нысандарды бақылау үшін ЖИ технологиялары қолданылады

Новости партнеров