Өндірушілер Қазақстан тауар өндірушілері реестрінде тіркелуі керек

10.01.2026 17:38

Барлық бизнес субъектілері өтініш бере алады

Аlmaty.tv

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда отандық өндіруші мәртебесін растау және мемлекеттік қолдаудың мақсаттылығын жақсартуға арналған «Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі» мемлекеттік цифрлық платформасы іске қосылды. Жүйе қазір тәжірибелік пайдалануға берілген және e-ondiris.gov.kz веб-сайтында қолжетімді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, жаңа цифрлық жүйеге кедергісіз көшуді қамтамасыз ету үшін бұрын жарамды индустриалдық сертификаттар негізінде қазақстандық өндіруші мәртебесін растаған 1 868 субъект автоматты түрде Реестрге ауыстырылды.

Барлық бизнес субъектілері ақпараттық жүйеде тіркелуге Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін жүргізу қағидаларына сәйкес өтініш бере алады.

Бүгінгі күні:

• жүйеге 2 769-дан астам компания тіркелді;

• 1 346 өтінім қабылданды;

Реестрге қазірдің өзінде машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындар кіреді, соның ішінде теміржол техникасы, автомобиль компоненттері, сорғы жабдықтары, цемент, бетон бұйымдары, керамикалық плиткалар және аяқ киім өндірушілері бар. 

Бұрын Реестрге автоматты түрде қосылған өндірушілер жүйедегі ақпараттарын 30 қаңтарға дейін толтырып, өтініштерін электрондық цифрлық қолтаңба арқылырастауы тиіс. Бұл талапты орындамау жағдайында кәсіпорындар Қазақстандық өндірушілер реестрінен шығарылады.

Цифрлық платформаны енгізу рәсімдердің ашықтығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мемлекеттік қолдау шараларының тек нақты өндірістік қызметі бар кәсіпорындарға бағытталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін біртіндеп толықтыру жұмыстары жалғасуда.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар мерзімі өткен несиені қалай реттей алады