OneWeb: Алматы облысында жаңа спутниктік жүйе сынақтан өткізілді

Мамандардың сөзінше, 300-ден аса ауылдың ғаламторға қатысты мәселесін шешуге де болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында жаңа спутниктік жүйе сынақтан өткізіліп, құрылғылардың жұмысы тексерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шалғай аймақтарды және байланысы шектелген елдімекендерді сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған жоба келер жылдан бастап іске қосылмақ. Мамандардың сөзінше, бар болғаны 2 айдан соң, бастама көмегімен 300-ден аса ауылдың ғаламторға қатысты мәселесін шешуге де болады.

 "Көктөрек" ғарыштық байланыс орталығында 17 антенна орналасқан. Олар интернетті қабылдап, спутникке жібереді. Ал спутник еліміз бойынша қажетті аумаққа сол желіні таратады.

Сапалы интернетке қол жеткізу үшін бар болғаны сигнал қабылдағыш құралдарды орналастыру керек. Ал одан бөлек, жүйенің арнайы терминалдарын қолдануға да мүмкіндік бар. Оны көлікке, тіпті пойызға да орнатып, тұрақты жылдам желіге қосылуға болады.   

"OneWeb – елге келіп жатқан жаңа өнім, спутниктік өнім. Оның мақсаты –Қазақстандағы инфраструктурасы жоқ, оптикасы жоқ, линиялары жоқ ауылды мекендерге және де интернетпен проблемасы бар жерлерге орнатып, осы спутниктік жүйемен қолжетімді интернет беру", – деді инженер Ибраим Медеуов.

Жүйенің бір ерекшелігі – жоба жеке компанияларға, телекоммуникация операторларына және мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетуге де бағытталған. Ал іс-шараға арнайы келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жиын барысында интернет жылдамдығын тексеріп көрді. Оның сөзінше, әрбір желі қолданушысы ғаламторды еркін пайдалануы үшін небәрі 10 мегабит секунд жылдамдық жеткілікті. Ал спутниктік жүйе кем дегенде 50 мегабит секунд жылдамдықпен жұмыс істейді.

"Мобильдік операторлармен бірге сигналды арттыру, базалық стансаларды орнату шараларын қолданып, интернетті жақсарту үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жоба Қазақстанды ғана емес Орталық Азия елдерін қамтуға да қауқарлы. Ал спутниктік жүйе келер жылдың қаңтардан бастап, нақтырақ айтқанда 2 айдан соң жұмысын бастайды. Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда үздік тәжірибе орталығы ашылды

 

 

Новости партнеров