Өңір әкімдері халықты тұрақты жұмыспен қамту ісіне жауапты

29.07.2025 18:46

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастырмақ

Елімізде түлектердің 30 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мұндай деректі Үкіметте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ҰБТ-дан аз балл жинап, өзі қалаған мамандыққа түсе алмаған талапкер салы суға кетіп, кез келген оқу орнына құжат тапсыруға бел буады. Ал бұл өз кезегінде кәсіпке деген қызығушылықтың азаюына әсер еткен

Үкіметте есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтің сөзінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз. Бүгінде жалдамалы жұмыскерлердің саны 7,1 миллион болса, 2,1 миллион тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Биахметов баяндамасында сай,  халық саны өскен сайын, жастардың еңбекке келуі жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше, алдағы жылдары еңбек нарығына салмақ түсе бастайды.

«Болжам бойынша 2035 жылға дейін жылына 360 мың адамға дейін өседі. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біз икемді және заманауи еңбек нарығын құру үшін қазірден бастап бұл трендтерді ескеруіміз керек.  Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар. Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

Биахметов тізіп шыққан еңбек нарығындағы қиындықтар мұнымен бітпейді. Оның айтуынша, өңірлер арасында теңгерімсіздік бар. Мәселен, елімізде жалақы деңгейі бәсекеге қабілетті емес. Оңтүстікте еңбек күші шамадан тыс көп болса, солтүстікте  керісінше, жетіспейді. Осы тұста жауапты ведомство өкілдерінен «оңтүстіктен солтүстікке көш бағдарламасы айтарлықтай нәтиже бермей отырған сыңайлы ма?» деп сұрадық. Министрлік «аталған жобаны жақсартуға күш жұмсап жатырмыз» деп қысқа қайырды.

«Солтүстік өңірлердің халқы жыл сайын сиреп жатыр. Ол – шетелге, орталыққа көшу мәселесі. Сондықтан көшіп келіп жатқан адамдар, көшіп кеткен адамдардың орнын басып жатыр деп айтуға болады. Себебі СҚО-да халық саны сиреген жоқ», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице министрі 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастырамыз деп бекініп отыр. Сөзінше, жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Оның 38 пайызы жастар. Биахметовті мұқият тыңдаған премьер-министр Олжас Бектенов «жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек» деді. Үкімет басшысы сөзінің соңында еңбек нарығына қатысты министрліктерге бірқатар тапсырма жүктеді.

«Келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет. Үшінші,  цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруы тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Өңір әкімдері халықты тұрақты жұмыспен қамту жоспарларының орындалуына тікелей жауапты болмақ. Егер жоспар орындалмаса, олардан есеп сұралады. Бұл Олжас Бектеновтің тапсырмасы. Сондай-ақ инвесторлардың да жұмыс орындарын құруға қатысты жауапкершілігі арта түспек. Отырыс соңында Премьер-министр «еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек» деп баса айтты.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Еңбек шартын онлайн рәсімдеуге болады