Шағын және орта бизнестің үлесі экономикада 40 пайызға жақындады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесуі барысында бизнесі мықты мемлекеттің халқы бақуатты, қоғамы тұрақты болатынын нығыздап айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалуда. Бірінші қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Салық жүйесі бақылау-жазалау тәсілінен бизнес өкілдерімен сенімді серіктестік орнату тәсіліне көшуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылатынын айтты.
«Бұл жоба, ең алдымен, ауылдар мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Бизнесі мықты мемлекеттің халқы – бақуатты, қоғамы тұрақты болады. Бүгінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер 4,5 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы деген сөз.
Өндіріс саласы тың серпінге ие болды. Елімізде белгілі шетелдік және отандық компаниялар ойдағыдай жұмыс істеп жатыр, ірі өндіріс орындары ашылуда. Биылдың өзінде 33 зауыт іске қосылды», - деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың өзгерістер жасалды - Тоқаев