Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді

25.12.2025 16:50

Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды

Almaty.tv

Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс. Баукеңнің ерлігі жай аңыз емес, бұл – нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік. Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды». - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды.

«Мен бүгін Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа бардым. Бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны. Мен мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынамын. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек. Үкімет бұл мәселені пысықтайды. Біз жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуіміз қажет».

Президент жамбылдықтардың ел дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Осы жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін».

Оқи отырыңыз: Президент: Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім соңғы он жылда 2,5 есе өсті