Опера түні: ашық аспан астындағы жанды дауыс көрерменді тәнті етті

Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-маусымының жабылуына орай ашық аспан астында кеш ұйымдастырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мыңдаған көрермен, open air, жанды дауыс. Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 92-маусымының жабылуына орай ашық аспан астында кеш ұйымдастырды. «Опера түні» концерті 2 күн бойы театр сүйер қауымды қуантады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Күміс көмей, жезтаңдай өнер иелері Алматы жұртшылығының жүрегін тербеп, ерекше эйфорияға бөледі. Әдетте театр ішінде орындалатын шығармалар бұл жолы ерекше форматта шырқалды. Ашық аспан астында симфониялық оркестрдің, жетекші солистер мен хордың сүйемелдеуімен керемет музыкалық кеш өрбіді.

«Кештер Алматы мәдениетін одан әрі өсіріп, дамытуына үлкен әсер, септігін тигізеді деп ойлаймын. Көрерменді операға жақындастырып, классикалық әуендерді, жан дүниесін сезінуге бағытталады», – деді Абай атындағы ҚазҰОБТ опера солисі Тахауи Рахметов.

«Біздің концертке деген дайындығымыз өте ерекше болды. Бүгін көрерменге әсем музыкамен және де жарқын эмоциялар сыйлаймыз», – деді Абай атындағы ҚазҰОБТ стажер-солисі Әзиза Әбдрейм.

Опера сүйер қауымның көп болғаны сонша, сахна алдына сыймаған көрермен концертті көшенің арғы жағынан да тамашалап, әртістерге қол соқты. Кешке асқан жауапкершілікпен дайындалған 200-ден аса әртістің маңдай тері ақталды. Концертте қазақ өнерінің маржандарына айналған «Біржан мен Сара» операсындағы айтыс және Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» туындысы орындалды. Бұдан бөлек, әлем өнеріндегі әуезді әндер де шырқалды.

«Сахнада бұрын-соңды естімеген ариялар, шығармалар орындалады. Менің кейіпкерім Петр Ильич Чайковскийдің «Пиковая дама» атты операсынан Чекалинскийді орындаймын. Томскийдің куплеттері деп аталады. Керемет жанрда, бағытта, ерекше үлгіде көрсетеміз деп сенемін. Шығар ма халықтың ықыласын алған», – деді Абай атындағы ҚазҰОБТ жетекші солисі Ислам Хамзаев.

Кеш шымылдығын қанша жанның жүрегін баураған «Гүл Алматым» туындысы жапты. Айта кетейік, бүгін театрдың тарихи орталығында тағы бір музыкалық кеш өтеді. Бұл жолы әртістер әлемдік және ұлттық классика жауһарларын мүлде басқаша сарында орындайтын болады.

Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген