Оралда есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысқан екі тұрғын 7 жылға сотталды

31.10.2025 08:41

Аталған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілген

Depositphotos

Орал қалалық сотында аса ірі мөлшерде мефедрон психотроптық затының аналогтарын заңсыз өткізген М. және оның танысы Д-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, М. заңсыз табыс табу мақсатында психотроптық заттардың аналогтарын жасырын қоймаларға орналастырып, олардың координаттарын белгілеп отырған. 

Сатып алушыларды табу үшін ол танысы Д-ны тартып, Telegram мессенджері арқылы сату ісіне көмектесуді ұсынған. Д. өзінің әрекеттерінің заңға қайшылығын түсіне отырып, келісім берген және сатып алушыларға қоймалардың орналасқан жері туралы мәліметтерді жеткізіп отырған. 

Жедел іс-шаралар барысында Д. жасырын қызметкермен байланыс орнатып, оған мефедрон психотроптық затының аналогы салынған 5 зип-пакет жасырылған қойманың координаттарын жолдаған. Аталған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілген.

Бұдан бөлек, М-ның тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде оның жеке тұтынуы үшін заңсыз сақтаған ұнтақ тәрізді зат табылған.

"Сот М-ны ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары және 296-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ал Д-ны ҚР ҚК 28-бабы 5-бөлігі мен 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша айыпты деп тапты. Оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады ведомстводан.

Оқи отырыңыз: Онлайн сауда ережесі өзгерді: қазақстандықтар шетелдік тауар үшін қанша салық төлейді