Өркениеттен ада қалдық: СҚО-да бес ауылдың тұғыны қаралатын фельдшерлік-акушерлік пункт апатты жағдайда

Іргетасы 50 жыл бұрын қаланған нысан 2016 жылы медицина мекемесі етіп бейімделіпті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстандағы Ташкентка ауылының тұрғындары өркениеттен ада қалғанын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Ташкентка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт. Іргетасы 50 жыл бұрын қаланған нысан 2016 жылы медицина мекемесі етіп бейімделіпті. Алайда қазір апатты жағдайда тұр. Ғимараттың іші дымқыл тартып, қабырғасы қисайған, сылағы үгітілген. Ескі пештен уланып қалу да ғажап емес. Күнделікті басын қатерге тігіп жүрген мамандар «жұмыс істеу мүмкін емес» дейді. Бірақ шұғыл медициналық көмек қашан да қажет. 

«Шұғыл көмек қажет кезде көрші ауылға баруға тура келеді немесе жедел жәрдем шақыруымыз керек. Алайда көп жағдайда жедел жәрдем келе алмайды. Өйткені жүргізуші жоқ. Ауылдағы қариялар, балалар мен жүкті әйелдер үшін қиын», – деді  ауыл тұрғыны Елена Гордиенко.

«Шатыры шұрық-тесік. Су сорғалап ағып, жарыққа тиеді. Тоқ ұра ма деп қорқасың. Қабырғалары құлайын деп тұр, сызат бар. Бес ауылға жалғыз жедел жәрдем көлігі. Шұғыл шақырту кезінде келе алмай қалған жағдай көп болды», – деді ауыл тұрғыны Татьяна Бородина.

Бұл ауылдағы жалғыз мәселе емес. Жолдары жұпыны, жарық жоқтың қасы. Ұялы байланыс пен интернет те дұрыс жұмыс істемейтін көрінеді. Кқпшілік «өркениеттен ада күй кешіп жүрміз» дейді. 

«Балаларымызды мектепке апару үшін күрекпен жолды тазалаймыз. Ауылда жарық мүлдем жоқ. Қараңғыда құлап қалмас үшін жолды сипап та өтіп жүрдік. Сосын амалдың жоқтығынан көшенің басына шам ілдік. Алайда оның жарығы бүкіл көшеге жетпейді», – деді ауыл тұрғыны Анна Мазурова

Аталған мәселеден жергілікті биліктің хабары бар. Тіпті 6 жыл бұрын ауылдың ахуалын жақсарту жұмыстары қолға алыныпты. Алайда жұрттың қуанышы су сепкендей басылған. Бастапқыда жаңа балалар алаңын салу үшін билік өкілдері жарты миллион теңгеден аса қаржы бөліпті. Бірақ шаруаның сапасы сын көтермейді. 

«Елдімекенде медпунктті көшіруге болатын бос ғимарат жоқ. Сондықтан күрделі жөндеу ғана жасай аламыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Қаржы бөлінсе, шаруаны бастаймыз», – деді Қызылжар аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Смаил Сатин.

«2026 жылға арналған жобалық-сметалық құжаттама жасалды. 10 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланып отыр. Шаруа аяқталса, автобустар қатынап, тасымал мәселесі шешіледі», – деді Берёзовское ауылдық округінің әкімі Владимир Рудер.

Алайда тұрғындар жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселені жақын арада шешеміз деген шенеуніктердің уәдесіне сенбейді. Ал апатты жағдайда тұрған медпунктті қайта жөндегеннен пайда жоқ. «Тұрғындар «ақтап, сылап қойғанымен бір күні төбемізге опырылуы мүмкін» деп алаңдап отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Петр Акутионов, Самат Жақыпов, СҚО

Оқи отырыңыз: Астанада бес қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 11 жастағы қыз көз жұмды

Новости партнеров