Жергілікті әкімдік биыл ауылға байланыс тартылатынын айтты
Ауыз су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ұялы байланыс пен интернет атымен жоқ. Ал жол тесік-шұңқыр. СҚО-да Плоское ауылы өркениеттен өгейлік көріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Плоское елдімекені облыс орталығынан небәрі 45 шақырым жерде орналасса да, мұнда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне еш жағдай жасалмаған. Ауылдағы ағайын ауыз судың өзін апталап күтуге мәжбүр. Жұрттың айтуынша, жеткізілгеннен күннің өзінде тіршілік нәрі бірер күнде таусылып қалады. Салдарынан тұрғындар жаңбыр суын кәдеге жаратып, күнелтеді.
«XXI ғасыр. Біз әлі күнге дейін бөшкемен су тасимыз. Жазда амалдап жаңбыр суын жинаймыз. Ал енді қыста қайтеміз? Суды қайдан аламыз? Ыдыс-аяқты жууға да, кірге де, тіпті моншаға да көлдің суын пайдаланып отырмыз», – деді ауыл тұрғыны Нина Михайлова.
Ауылда тұрақты байланыс жоқ. Бұл әсіресе оқушыларға қиындық тудырады. Жергілікті жұрттың айтуынша, қарапайым онлайн қызметтерге қол жеткізу мүмкін емес.
«Балалар қалай сабақ оқиды? Қазір бәрі интернетке тәуелді. Қашықтан құжат рәсімдеу де қиын. Қағаздардың дайын болғаны туралы SMS хабарлама жіберіледі, ал бізде байланыс жоқ», – деді ауыл тұрғыны Ольга Берсанова.
«Шешілмеген түйткіл шаш етектен» деп жұрт налып отыр. Соның бірі – көшедегі жарықшамдар. Олар тек орталықта орнатылған. Жолдардың жағдайы да сын көтермейтін көрінеді. Ойық-шұңқыр көп. Бұл ретте жергілікті әкімдік биыл ауылға байланыс тартылатынын айтты.
«Ауылда небәрі 99 адам тұратындықтан, мұнда спутниктік антенна қойылады. Интернет сол арқылы қосылады. Қазір антеннаны орнататын жер дайындап жатырмыз», – деді Асанов ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Оксана Панина.
Әкімдік өкілдері алдағы уақытта көше шамдарын толық орнатып, жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын жеткізді. Мәселе біртіндеп шешімін таппақ.
Олжас Омарбек, Нұргүл Алина
Оқи отырыңыз: Тұншықтырып, орманға тастап кеткен: Оралда 10 жастағы қызға шабуыл жасаған күдікті ұсталды