Өрт-2025: Алматыда республикалық оқу-жаттығу өтті

22.05.2025 21:41

Дайындыққа 196 адамнан бөлек, 37 техника, 2 квадрокоптер мен арнайы із кесуші иттер тартылған

Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағындағы «Казачка» шатқалында аумағы 2,5 гектар болатын 3 учаскеде өрт тұтанып, төтенше жағдайлар қызметі мен құтқарушылар қызыл жалынды оқшаулады. Бұл – «Өрт-2025» республикалық оқу-жаттығуының шартты сценарийі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатаудың етегінде жайғасқан Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде қазір өрт тұтану қаупінің төртінші деңгейі тіркеліп отыр. Бұл – ерекше дайындық пен үздіксіз бақылауды қажет ететін кезең. Сондықтан да бүгінгі оқу-жаттығу осалдықты байқап, төтенше жағдайда әрекет ету қабілетін сынаудың орайлы мүмкіндігі.

«Казачка» шатқалында таудың солтүстік бөлігінде өрт тұтанып, қызыл жалып Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағына қауіп төндіруі мүмкін. Өртті алдымен әуеден авиация қызметкерлері байқады. Мамандардың сөзінше, жазғы маусымда орманды-таулы аумақтарда өрт қаупі едәуір артады. Сондықтан бұл оқу-жаттығу болса да мамандар бар күшін салып, дайындықты пысықтап жатыр.

«Өрт сөндіру кезінде авиацияны пайдалану арқылы таулы аймақтарда апат орнын жедел тауып, сөндіруге мүмкіндік береді. Аталған оқу-жаттығулардың мақсаты қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын пысықтау, сондай-ақ таулы-орман алқаптарындағы өртті жою, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, төтенше жағдай аймағынан зардап шеккендерді эвакуациялау», – деді қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Оқу-жаттығу барысында шартты өрт желдің екпінімен тез таралып, 2,5 гектарға дейін жайылды. Бүгінгі дайындыққа арнайы техника, дрондар, атты жасақ пен иісшіл иттер жұмылдырылған.

 Айта кетейік, маусым басталғалы туристер легі көбейіп, ұлттық парк аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу жөнінде 28 хаттама толтырылған. Оның аясында 5 миллион 500 мың теңге айыппұл салынды.

«Паркте 320 адам қызмет атқарады. Соның ішінде 131 мемлекеттік инспекторлар, орманшылар бар. Күнделікті бекітілген аумақты атпен немесе жаяу аралайды. Өрт тқтануына адами факторлар көп әсер етеді. Алматы қаласының төңірегінде демалушылар көп. Оқу-жаттығу өтетін жерге демалыс күндері 3000-4000 адам келеді», – деді «Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.

«Алматы облысындағы базамызда 4 әуе кемесі бар. Бүгін соның бірін оқу-жаттығуда қолдандық. Авиация қызметінің басты міндеті – төтенше жағдайды анықтау, тез арада хабар тарату. Кейбір аса қиын жағдайда тік ұшақтар өрт сөндіруге жұмылдырылады», – деді «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бас директорының орынбасары Игорь Абуев.

Оқу-жаттығудың басты мақсаты — таулы-орманды аймақтағы төтенше жағдай кезінде әрекет етуді шыңдау.

Айта кетейік, ауқымды дайындыққа 196 адамнан бөлек, 37 техника, 2 квадрокоптер мен арнайы із кесуші иттер тартылған.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Өрт қауіпсіздік ережелерін ескермегендерге қандай жауапкершілік артылады