Өрт қауіпті көзең: Алматыда 215 гектар жердегі құрғақ шөп шабылды

19.06.2025 15:49

Мамандар тұрғындарды аса сақ болуға шақырды

Биыл Алматының таулы аймақтарында 10 гектар жер жанып, 157 өрт тіркелді. Төтенше жағдайлар департаменті дабыл қағып, қалада 26 наурыздан бастап өрт қаупі жоғары кезең басталғанын жариялаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы аптап ыстық пен жауынсыз күндер өрт қаупін күшейтті. Бұл кезеңде тілсіз жау көбіне құрғақ шөп пен бұталы өсімдіктердің жануынан тарайды. Ал табиғат аясына шыққандардың артынан қоқыс-қалдық қалдырып, сақтық шараларына бейқам қарауы  – қызыл жалынның тұтануына бірден-бір себеп. Қазір қала аумағында қауіп деңгейі ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Оған қарамастан таудағы демалушылар саны күн санап артуда. Салдарынан 30-дан аса тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 миллионға жуық айыппұл арқалаған.

«Өрттің үш түрі болады. Тамырлы дейміз, топырақтың астында тұттанатын өрт. Одан кейін жер үсті және ең үстіңгі өрт. Ең қиыны жер астындағы, тамырмен арқылы жанатын өрт. Оған көбіне демалушылар от жағып, өшірмейді.  Шыршаның астында өрт 2-3, кейде 4-5 күннен кейін желдің арқасында қайта тұтануы мүмкін», – деді Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің орманшысы Ернар Әділхан

«Ұлттық паркке кіреберісте қауіпсіздік ережелерін ескертіп, түсіндіріп жатыр. Бұл – халық үшін маңызды ақпарат. «Осында келушілерге қоқыс жинайтын қап берілсе» деп ұсыныс айтым», – деді қала тұрғыны Эмиль Рустемов.

Ормандағы өрт көбінесе адамдардың ұқыпсыздығынан туындайды. Тасталған темекі, өшірілмеген от, тұтанған шөп тұтас бір аумақты жалмап, орманды күлге айналдыруы мүмкін. Биыл 150 жағдай тіркелген. Қазіргідей қауіп күшейген сәтте, сақ болып, қауіпсіздік шараларын пысықтаған аса маңызды.

«Апаттың алдын алу үшін 215 гектар жердегі құрғақ шөп шабылып, бақылау жұмыстары қолға алынды» деген төтеншеліктер рейдке шығып, халықты ақпараттандырып жүр. Ұзындығы 90 шақырым минералдандырылған жолақтар қойылды. Бұл жұмыс әдетте тілсіз жаудың кең таралуына тосқауыл болады.

 «Алматы қаласының аумағында ауданы 10 гектарға жуық 150 өрт тіркелді. Қала аумағында орманды алқап болмағанымен Іле-Алатау ұлттық паркі, Медеу мемлекттік паркі, Баум тоғайы бар. 200 жуық гектарда құрғақ шөп шабылып, 90 км аумағында жасыл жолақ төселді», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Ақтыныс Әлтебаева.

Мамандар өрт қаупі кезеңі аяқталғанша, тұрғындарды аса сақ болуға шақырады. Ал төтеншеліктер өз кезегінде бақылау, шөп ору, түсіндірме жұмыстарының қарқынды жалғасатынын жеткізді.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматының сот шешімімен тау бөктерінде салынып жатқан ірі нысан сүріліп жатыр