Өрт қауіпті кезең: төтеншеліктер күшейтілген режимге көшті

Құтқарушылар 416 адамды өлімнен арашалап қалыпты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде былтырдан бері 4 мыңнан аса өрт тіркеліп, салдарынан 187 адам көз жұмған. Құтқарушылар 416 адамды өлімнен арашалап қалыпты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тілсіз жау жеке тұрғын үйлерде, көпқабатты баспаналарда және шаруашылық құрылыстарда тұтанған. Қазір төтеншеліктердің орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатқаны да белгілі болды. Алда құрғақ ауа райы күтілетіндіктен, аумақтар тазартылып, бақылау рейдтері ұйымдастырылып жатыр. Нәтижесінде 900-ден астам адам өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылыпты.

«Өрт қауіпті маусымы аяқталды, бірақ өрттің қауіпті кезеңі басталды. Экология министрлігінің мәліметіне сай, 38-ден астам орман, 4 дала өрті тіркелді, 600-ден астам аймақта құрғақ шөп жанды. Өрт қауіпті маусымы басталғалы бері ҚР ТЖМ толықтай күшейтілген режимге көшті. Орманды алқаптарға ерекше көңіл бөлінеді. ШҚО, Павлодар, СҚО, Қостанай, Ақмола облыстарындағы орманды алқаптарға ерекше көңіл бөлінеді», – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда.

Баспасөз отырысында сондай-ақ жылыту маусымының қорытындысы айтылды. Биыл халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың үйлеріне 36 мыңнан астам иісті газ датчигі орнатылған. Соның арқасында 281 адамды аман алып қалу мүмкіндігі туған. Төтеншеліктер балалар қауіпсіздігіне баса назар аударып, ата-аналарға бүлдіршіндерін қараусыз қалдырмауды ескертеді.

«Жылыту маусымында қаза тапқандардың әлеуметтік жағдайын зерттедік. Нәтижесінде 57 адамның уақытша жұмыссыз болғанын, ал 53-інің зейнеткер екенін анықтадық. Тағы 18-і мектеп жасына дейінгі балалар екен. Осыған байланысты министрлік ата-аналардан балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді сұрайды», – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев.

Оқи отырыңыз: Құтқарушылар алдағы күндері тауға шықпауға кеңес берді

Новости партнеров