Елдімекеннің жылдық бюджеті - 2,5 миллион теңге
Қарағанды облысында тұтас бір ауылдың азаматы айыппұл арқалады. Себебі, тұрғындар дала өртін сөндіруге атсалыспаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мыңға тарта тұрғыны бар ауыл 17 миллион теңге айыппұл арқалағанын естігенде, төбеден жай түскендей күйде болған. Мәселенің мәнін түсінген соң, ағайынның араздығы тіпті артқан. Былтыр 8 күн бойы болған ормандағы өртке мұндағы мекеме ауыл тұрғындарын кінәлайды. Олар "табиғи қорыққа да қауіптің төнгені - тұрғындардың бейқамдығынан"депті. Ал азаматтар қызыл жалынмен жан аямай арпалысқанын айтты.
"Ауыл тұрғындары шамасы келмесе не істейді? Тастың ішіне ешқандай техника бара алмайды. Жаяу күшпен бүкіл ауыл боп жабылып, өртты өшіруге тырысты. Оның үстіне дауыл маза бермейді", – деді Талды ауылының тұрғыны Сағындық Әукешов.
Былтыр 14 маусымда Талды ауылының аумағына найзағай түсіп, жел күшейген тұста 1900 гектар аумаққа қауіп төнген. Ырық бермеген өрт орман шетіне де тиген. Ал тілсіз жаумен күреске өрт сөндірушілер мен еріктілерді қосқанда 137 адам қатысқан. 22 арнайы техника мен 1 тікұшақ жұмылдырылып, бас-аяғы 16 күн дегенде жұрт жалынды әупірімдеп әрең өшірген. Орман шаруашылығы шығынды санап, кінәні көпке артып отыр.
"Мемлекеттік орман қорының 169,13 гектар аумағын өрт шалған, келген залалға байланысты аталған іс сотта қаралып, шешім шығарды, – деді "Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі ақтоғай шаруашылығы" ММ директоры Мирас Қасымхан.
Сот процесі бір жылға созылып, орманшылардың пайдасына шешілген. Алайда бұл шешіммен ауыл халқы да, аудан билігі де келіспейді.
"Мәдениет үйі, мектептерде жөндеу жұмысы бар. Жол, су мәселесіне де қаражат керек. Бірге жұмыс істеп отырған азаматтар айыппұл салатын болса, Талды және басқа ауылдарға қаражатты қайдан табамыз", – деді Шет ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсенбаев.
Көпшілік «жел күшейген тұста орманшылар қол ұшын созбады» деп қарсы шағым айтты. Ал арызданушы тарап "орманға өрт тимесе, орнымыздан қозғалуға болмайды деген заң бар" деп отыр. Айыппұл арқалаған ауылдың әкімі енді аппеляциялық шағым дайындап жатыр. Өйткені, тек жылдық бюджеті 2,5 миллион теңге болатын елдімекен 17 миллионды қайтару үшін кемі 7 жыл қамсыз қарап отыру керек.
Жанбота Рахметуллаұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда бір адам көз жұмған автобус апатына қатысты сот үкімі шықты