Өрт сөндірушілерге өрт орнына жетуге кедергі келтірген көліктерді әдейі соғып бұзуға рұқсат беру мәселесі әзірге қолдау таппады, деп хабарлайды Almaty.tv
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің сауалына берген жауабында төтенше жағдай қызметкерлеріне мұндай өкілеттік беру орынсыз деп саналатынын мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес өрт сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлері қажет болған жағдайда есіктерді, терезелерді, шатырларды және басқа да қоршау конструкцияларын, соның ішінде шлагбаумдарды бұзуға құқылы. Мұндай шаралар өрттің таралуына жол бермеу және оны жедел сөндіру мақсатында қолданылады.
Сонымен қатар премьер-министр көлік құралдарын соғып немесе қасақана бүлдіріп жол ашу тетігін енгізу тиімсіз екенін атап өтті.
«Көлік құралдарын қасақана зақымдау мәселесі уәкілетті органдар тарапынан орынсыз деп есептеледі. Себебі кедергілер болған жағдайда өртті сөндірудің әртүрлі тәсілдері бар. Тығыз құрылыс салынған аумақтардағы өрт кезінде арнайы алгоритмге сәйкес өрт сөндірушілермен бірге полиция қызметкерлері де шығып, жолға кедергі келтірген көліктерді мәжбүрлі түрде эвакуациялау жұмыстарын жүргізеді», – делінген жауапта.
Бұдан бөлек, Үкімет көпқабатты тұрғын үйлердің маңында өрт техникасына арналған арнайы алаңдар салуды міндеттейтін құрылыс нормаларына өзгерістер әзірлеп жатқанын хабарлады.
Жаңа талаптарға сәйкес тұрғын үй кешендерінің жанында көлемі кемінде 15х6 метр болатын, арнайы жол белгілері мен таңбалары бар өрт техникасын орналастыру алаңдары қарастырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде аулаға кіретін жолдың жабық болуы мен көліктердің ретсіз қойылуы құтқару жұмыстарына кедергі келтірген еді. Осы оқиғадан кейін депутаттар төтенше қызметтердің өкілеттіктерін кеңейту мәселесін көтерген болатын.
Оқи отырыңыз: Халықты жұмыспен қамту деңгейі артып келеді: жыл басынан бері Қазақстанда 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты