Биылғы дода «Археология» тақырыбына арналған
Орта Азиядағы робототехника саласында өткен ең ауқымды фестивальге қатысып, жеңімпаз атанған оқушылар Алматыға оралды. Жеті мемлекеттен жиналған 5 мыңнан аса оқушының арасынан дара шыққан дарынды жасөспірімдер енді АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік финалда ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас қалада өткен робототехника бағытындағы ең ірі фестивальде топ жарып, 5 мыңнан аса оқушының арасынан дара шыққан дарындар мектептеріне оралды. Білім ошақтарында жүлдегерлерге арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, талантты оқушылар сахна төріне көтерілді. Оларға қошемет көрсетіліп, жетістіктері көпшілік алдында дәріптелді. ¤
«Биылғы жарыс өте ауқымды өтті. Астана қаласына Алматы қаласының мемлекеттік мектептерінен 190 оқушы барды. Оның ішінде жарыстың негізгі барысында 7 мемлекеттен 2 мыңнан астам команда 5 мың оқушы қатысты. Бұл былтырғы жылға қарағанда ауқымы өте жоғары болды», – деді Алматы дарын орталығының робототехника бөлімінің меңгерушісі Жанна Рүстемқызы.
Былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында есігін айқара ашқан 218 жалпы білім беретін мектептен биылғы фестивальге 4 команда қатысыпты. Әрқайсысы «археология» тақырыбында бірегей жобаларын көпшілік назарына ұсынған. Жас зерттеушілердің бір тобы қазба жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи робот құрастырса, енді бірі жер асты байлықтарын жинауға арналған машина ойлап тауыпты. Ал 10 сынып оқушысы Саян Төрекелді арнайы жобасы арқылы АҚШ-тың Хьюстон қаласына жолдама жеңіп алған.
«Келешек мектептерін» дамытамын, ауылдағы мектептерге көмектесеміз деген жобамен ұтқан болатынмын. Лидерлік қасиетімді көрсеттім, командам туралы айттым. «Сен барлығына үлгере алмай қалмайсың ба?» деген сұрақ қойылды. Мен оларға «екі команданың капитанымын, балаларға бәрін бөліп беремін» деп жауап бердім. Капитан – командадағы ең мықты адам емес, әр қайсына рөлін біліп, беретін адам деп санаймын», – деді оқушы Саян Төрекелді.
Айта кетейік, Орталық Азиядағы робототехника саласындағы ең ауқымды фестивальде 14 команда топ жарып, АҚШ-та өтетін әлемдік финалға жолдама иеленді. Сондай-ақ үздіктердің үздігі іріктеліп, алдағы дүбірлі додада ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталды.
Мәди Мәлік. Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Коучинг қызметінің кәсіби стандарты күшіне енді