Михаил Шайдоровтың костюмі Олимпиада ойындарының мұражайына қойылады - Сәкен Жақсыбаев

17.02.2026 21:03

Ғарыш тақырыбындағы, қолмен жасалған, ерекше костюмді отандық дизайнерлер әзірлеген

Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісінен кейін спортшы әлемдік жетекші БАҚ өкілдерінің назарына ілікті. Мәнерлеп сырғанаушы жайында үздік басылымдар жарыса жазып жатыр. Бірі оны өз бағдарламасын мінсіз орындаған жалғыз спортшы деп бағаласа, кейбір журналистер қарапайымдылығына тәнті болған. Ал сән басылымдары Михаилдың Олимпиадада өнер көрсеткен бірегей костюмдерін үздіктер қатарына қосып, жоғары баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Тәуекелге толы, қауіпті қадам болды». Михаил Шайдоровтың Милан Олимпиадасындағы жеңісінен кейін әлемнің жетекші медиа арналары осылай деп, жарыса ақпар тарата бастады. Әсіресе Михаилдың соңғы сәтте бағдарламаны өзгертіп, тарихи бес таза төрттік секіруге бел буып, батыл қадам жасағанын ерекше бағалап өтті. Өзінің шетелдік телеарнаға берген сұхбатында отандасымыз жеңісі жайлы соңғы сәтте ғана білгенін жеткізді.

 «Мен таблоны да, ұпайларды да көрмеймін. Барлығы экраннан қарап отырады, ал мен сол жерде отырған кезде қай спортшы қанша ұпай алғанын білмей отырдым. Кейіннен кестеден елімнің көк туын бәрінен жоғары көтерілгенін көріп, көзіме сенбедім», – деді Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров.

Милан мен Кортинада өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров сенсация жасап, додадағы алғашқы әрі басты жүлдені қоржынға салды. Ол әлем жанкүйерлеріне үздік бағдарламасымен ғана емес, көздің жауын алатын ерекше спорттық костюмімен есте қалды. Спортшының қысқа бағдарламаға арналған киім үлгісі әлемдік сән журналы Vogue Italia назарын аударып, қысқы ойындардың ең үздік образдарының қатарына енді. Ал ғарыш тақырыбындағы, қолмен жасалған, ерекше костюмді Отандық дизайнерлер Сәкен Жақсыбаев пен Ақмарал Жарасқызы бірлесіп әзірлеген. Олар Михаилға өздері шығып, ұсыныс білдіргенін айтты.

«Миша хабарласып, қуанышты жаңалығын айтты. Біздің бірлесе жасаған киіміміз, Олимпиада ойындарының Лозанна қаласындағы мұражайына қойылатын болды. Бұл – еліміз үшін тағы бір жетістік. Мен Михаилдың сырғанауын әлеуметтік желіден көріп қалдым да, оған сапалы костюм әзірлеу ойы келді. Оған жазып, ұсыныс жасап едім, бірден келісті. Солай біз танысып, бірден жұмысты бастап кеттік», – деді дизайнер Сәкен Жақсыбаев.

Бұл мұз айдыны – ел мақтанышы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров тынымсыз еңбек етіп, болашақ алтынға жолын бастаған киелі орын. Тарихи жеңісті сыйлаған спортшы мұзда күніне екі мезгіл, алты сағат жаттығып, төзім мен табандылықтың, жанкешті еңбектің үлгісін көрсетті. Айдында жаңа буын қанат қағып, мұзға арманын жазып, жеңіске ұмытылып, Михаил мен Денис Тен салған үлкен жолды жалғастыруға ниетті.

«Жаңа өскелең ұрпақ қысқы спорт түрлеріне көбірек көңіл бөліп, қатыса бастайтынына кәміл сенеміз. Михаил 2010 жылдан бастап, алғаш конькиге тұрған уақытынан бастап, тыңғылықты, нәтижеге жету үшін аянбай еңбек етті. Ол өте еңбекқор спортшы, күніне қаншама жаттығу жасады», – деді Жоғары спорт шеберлігі мектебі директорының орынбасары Абылай Қылышбаев.

Мемлекет басшысы Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен құттықтап, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оған қоса чемпионға мемлекет тарапынан олимпиада шыңын бағындырғаны үшін 250 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Бұдан бөлек, спортшыға автокөлік пен Астанадан пәтер сыйлау жөнінде уәделер берілді.

Әйкерім Пернебек, Думан Дәулетбақұлы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоровқа бір күнде қандай қымбат сыйлықтар тарту етілді