Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тармағы
Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға жіберілетін жүктердің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады. Жүк тасымалдаудың ең қысқа жолы – Маңғыстаудағы Құрық порты арқылы өтетін «Орта дәліз» бағыты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тармағы. Ол арқылы Қытай, Орта Азия елдерінен шыққан жүк Құрық және Ақтау порттарымен Азербайжан, Грузия, Түркия одан әрі Еуропа елдеріне жеткізіледі. Аталған порт осы бағыт бойынша 2017 жылдан бері 10 миллион тоннадан астам жүк өткізген. Соңғы жылдарда вагонмен тасымалданатын жүктерге қоса, автокөлік тасымалы да қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде былтыр Құрық порты 2 млн тоннадан аса жүк өңдеп, бұрын соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.
"Солтүстік пен оңтүстік дәліздерге қарағанда қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Жылдан-жылға көлік айналымы да өсті.2024 жылы 18 мың көлік өңдеп, қабылдап, жібердік", – деді Құрық порты бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Бақыткерей Әлібеков.
Құрық портына Әзербайжан елінің 15 паромы кезек-кезегімен келіп тұрады. Ауа-райына байланысты порт күніне 1 ден 5 кемеге дейін қабылдауға қауқарлы. Паромдарды айлаққа орналастырудың өзі үлкен жұмыс. Оны теңізшілер атқарады. Бұл мақсатта кеменің көлеміне қарай 10 шақты жағалау матросы жұмылдырылады.
"Айлаққа келген кемелерді бекітеміз. Олар жүк түсіргенде кедергі жасамауы керке. Ауа райына байланысты ашық күндері жеңілдеу, аз арқан пайдаланамыз. Ал жел соғып, толқын күшейгенде кемені бекіту үшін темір тросы бар мықты арқандар қолданамыз", – деді жағалау матросы Ерлан Ыбырай.
Бүгінде бұл портта 130-дан астам маман еңбек етеді. Оның 60 пайызы жергілікті тұрғындар. Солардың бірі, порт диспечері Қуандық Құсайынов. Ол паромдардың айлаққа кіруін ұйымдастырып, жүктерді түгендейді.
"Паром шетелдік болғандықтан, келіп тұрған вагонды Қазақстан аумағына өткізу үшін қатаң тексереміз. Құжаттарын қабылдаймыз. Әр құзырлы орган өз тарапынан жұмысын атқарады", – деді порт диспетчері Қуандық Құсайынов.
Құрық портында биыл жүк тасымалын 2 млн 300 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бүгінде соның 1 млн 600 мың тоннасы өңделіп, жөнелтілді.
Айта кетейік, порт аумағында жүзеге асып жатқан ірі жоба – Астық терминалы. Бұл терминал арқылы жылына 1 млн тонна бидай өнімін тасымалдау жоспарланған. Порт басшылығы үшінші айлақты генералдық жүктер қабылдайтын айлаққа айналдыруды көздейді. Ол арқылы тағы 500 мың тонна жүк тасымалданбақ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Шетелдік банктер тұтынушылық несиемен айналыспауы керек - депутат