Ортақ есепшотты оңды-солды жұмсаған: Павлодардағы МИБ басшысының ісі немен аяқталды
Ол банкоматтан қолма-қол қаражат та шешіп алған
Павлодарда тұрғындардың 2,5 миллион теңгеге жуық ақшасын жеке қажетіне жұмсаған мүлік иелері бірлестігінің төрағасы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
42 жастағы ер адам 2023 жылдың соңында Ломов көшесіндегі көпқабатты үйдің бірлестік төрағасы болып сайланған. Алайда арада жарты жыл өткенде ортақ есепшоттағы қаражатты оңды-солды жарата бастапты. Тергеу мәліметінше, бір жылға жуық уақыт бойы дәмхана, асхана, кондитерлік дүкен мен сауда орындарында тұрғындардың аманат еткен ақшасымен есеп айырысқан. Тіпті банкоматтан қолма-қол қаражат та шешіп алыпты.
«Сот жәбірленуші тарап пен айыпталушының өзара татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдады. Осылайша, В есімді азамат Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді»,– деді Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы Маржан Құрманғалиева.
Оқи отырыңыз: Ашық қалған құдықтар: Шымкентте аяқсыз қалған жұмыс тұрғындарды алаңдатты