Нөсер жауын: Түркістан облысында көпірді су шайып кетті

Жедел жүргізілген жұмыстардың арқасында елдімекендерді су басуына жол берілмеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысының Сауран ауданында қатты жауған нөсер салдарынан Абай мен Көксарай ауылдарын жалғайтын көпірді су шайып кетті. Соның кесірінен екі ауылдың арасында байланыс тоқтап, қатынас үзілген. Ал бастауыш сыныпта оқитын 19 бала онлайн білім алуға көшірілді, деп хабарлайды  Almaty.tv. 

Үш күн бойы толассыз жауған жауынның салдарынан Жаңақорған өзенінің деңгейі күрт көтерілген. Асау судың ағыны былтыр ғана жөндеуден өткен көпірдің бір бөлігін бұзып кеткен.

«Көпір 2025 жылы салынды. судың қарқынына шыдап бере алмады», – деді  ауыл тұрғыны Тұрғанбек Жақсыбаев.

Дегенмен жедел жүргізілген жұмыстардың арқасында елдімекендерді су басуына жол берілмеген. Абай ауылындағы шағын көпірге зақым келгенімен, мамандар өзен арнасын қазып, уақытша өткел ұйымдастырған. Соның нәтижесінде қатынас қайта жаңғырған. Жауаптылар алдағы уақытта Абай ауылының тұрғындарына жаңа, заманауи талаптарға сай көпір салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Жобаны реттейік. Мен сіздерге биыл көпір салып беремін деп уәде бере алмаймын. Бірақ келесі жылы бітіріп беремін. Облыс бойынша барлық аудандарға 400-дің үстінде техника алып бердік. Осының бәрін реттеуге. Осының бәрін жасамағанда жағдай ауырлау болатын еді», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Қазір өңірде су тасқынының алдын алу үшін дайындық беки түскен. Ауданға жаңа техникалар жеткізіліп, жауапты қызметтер күшейтілген режимге көшкен. Қауіпті аймақтағы үш ауылда жедел әрекет ету тобы құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында жолды су шайып кетті

 

 

 

Новости партнеров