Жамбыл облысында былтыр үлестірген үйдің сапасы сын көтермейді

Халық игілігіне берілген көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары сөгіліп, шатырынан су ағып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында былтыр халық игілігіне берілген көпқабатты тұрғын үйдің қабырғалары сөгіліп, шатырынан су ағып жатыр. Жаңатас қаласында орналасқан бес қабатты ғимарат, қайта жаңғыртудан өтіп, әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға үлестірілген, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Алайда жұрт жаңа үйге кіре сала шыққан ақауларды өз күшімен түзеп, әбігерге түскен. Себебі жаңбыр жауып, қар ерісе төбеден су сорғалайды. Ылғалдың салдарынан қабырға сылақтары түсіп, пәтер ішін зең басқан. Жұрт жалдамалы негізде берілген баспананың сапасыз жөнделгеніне наразы.

«Үйге көшіп келгелі проблема бітпей жатыр. Қонақ бөлмеге сызат түскен, жел кіреді, суық. Жаңбыр жауған кезде терезе жақтауынан су ағады», – деді Жаңатас қаласының тұрғыны Дана Неметова.

Айта кетейік, үйдің жаңарту жұмыстарын жеке құрылыс компаниясы 2024 жылдың соңында аяқтаған. Кейін Сарысу аудандық құрылыс бөлімі 40 пәтерлі үйді сатып алып, оны пәтер кезегінде тұрған азаматтарға берген. Жергілікті билік анықталған кемшіліктердің барын растап отыр. Енді тұрғын үйді мердігер компания екі жылдық кепілдік аясында жөндеп бермек.

 «Кемшіліктер бойынша мердігер тарап пен құрылыс бөлімі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіріп береді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар толық бақылауда болады», – деді Жаңатас қаласының әкімі Ілияс Домалақов.

Оқи отырыңыз: Нөсер жауын: Түркістан облысында көпірді су шайып кетті

Новости партнеров