ОСК Құрылтай депутаттарын тіркеп, куәлік пен төсбелгі табыстады

27.08.2026 14:32

Іс-шараға Құрылтайдың сайланған барлық депутаты қатысты

Фото: Орталық сайлау комиссиясы

Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, онда Құрылтай депутаттары тіркелді. Іс-шараға Құрылтайдың сайланған барлық депутаты қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеттігі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын атап өтті.

Отырыста баяндама жасаған ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясы бес саяси партиядан сайланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының 145 депутатын тіркеуді көздейтін қаулы жобаларын әзірлегенін хабарлады. Осыған байланысты «Әділет» партиясынан 110 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 8, «Ауыл» партиясынан 10, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан 8 және «Respublica» партиясынан 9 депутат тіркелді.

«Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен басталды. Енді сіздер – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңі заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Іс-шара соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Оқи отырыңыз: Жаңа Бюджет кодексінен цифрлық экономикаға дейін: Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері

Толық көрсету