Өскеменде ауа сапасын бақылайтын арнайы бюро құрылмақ

09.12.2024 16:49

Алдағы уақытта құрылатын бюро зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы станса санын арттыруға ықпал етпек

Өскеменде ауа сапасын бақылайтын арнайы бюро құрылмақ. Бұл туралы өңір әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, қала экологиясына тек өндірістік кәсіпорындар ғана емес, көмір жағатын пештер мен көліктер, сондай-ақ, Ертіс өзенінен шығатын бу да әсер етеді. Қазір Өскеменде ауа сапасын анықтайтын 10 станса бар екен. Алдағы уақытта құрылатын бюро зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы станса санын арттыруға ықпал етпек. Одан бөлек,  облыс басшысы зиянды қалдықтарды шектен асырып жіберген кәсіпорындарға жылда 3 жарым млрд теңге мөлшерінде айыппұл салынатынын жеткізді. Бұл ақша экологиялық жағдайды жақсартуға, мониторингті күшейтуге жұмсалады.

«Қоғам, билік пен өнеркәсіп өкілдері диалог арқылы ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін табу керек. Бюро осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолын түсіндіреді. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі», – деді Шығыс Қазақстан Облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Облыс басшысының айтуынша, өңірде үш ауысымды, апатты білім мекемелері жоқ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 7 оқу ошағының құрылысы жүріп жатыр. Оның төртеуі биыл іске қосылса, үшеуі келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биыл облыстық бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп қолданысқа берілді, тағы 500 орындық 2 білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, мектептердегі тәрбие де назарда болмақ, - дейді облыс әкімі.

«Буллинг, суицид, тәрбие мәселелерімен айналысатын және психологтардың жұмысын арттыруға ықпал ететін аймақтық психологиялық қолдау және көмек орталығы ашылды. Орталықта буллингке қарсы  «Kiva» пилоттық бағдарламасы іске асады, тәулік бойы «сенім телефоны» жұмыс істейді», – деді Шығыс Қазақстан Облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Оқи отырыңыз: Күрд этносының елімізге келгеніне 80 жыл