Жылу бағасының 8 пайызға қымбаттауы тұрғындар наразылығын тудырды
Өскеменде жылу бағасының 8 пайызға қымбаттауы тұрғындар наразылығын тудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өскемендік тұрғындар жылу ақысын 3 түрлі тариф бойынша төлейді. 100 шаршы метрге дейін 88 теңгеден, 200 шаршы метр болса, 97 теңге белгіленген. Ал ең жоғарғы тариф әр шаршы метр үшін 138 теңге. Демек үй аумағы неғұрлым үлкен болса, иесіне көбірек шығындалуға тура келеді.
"Өтінім нәтижесі бойынша өндірістік персонал жұмысшыларының жалақысы 306 мың теңгеге, 26 пайызға өсті. Әкімшілік жұмысшыларының жалақысы 494 мың теңгеге, 22 пайызға өсті", – деді ШҚО Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Мүсіпова.
Қала тұрғыны Светлана Петрова 60 шаршы метрлік үйіне тек 500 теңге үстемақы қосылатынын біліп, қуанып қалды. Себебі үшінші топтағы мүгедек ана жәрдемақыға өмір сүреді. Ревматоидты артритке шалдыққандықтан оны жұмысқа қабылдамайды. Коммуналдық қызметтердің қымбаттауы оның қалтасына салмақ салады. Ал әйелдің бір айлық кірісі – 40 мың теңге.
"Мен 44 мың теңге жәрдемақы аламын. Сондықтан тарифтің өсуі мен үшін үлкен шығын. Жарық пен суға ақы төлеу керек, азық-түлік сатып алуым керек. Әрі мені ешкім жұмысқа да алмайды. Қолым ауырады. Ал мүгедектігім бойынша жәрдемақы қосылмайды", – деді қала тұрғыны Светлана Петрова.
Ал тарифтің қымбаттауына жылу желілері қызметкерлерінің жалақысының өсуі себеп болып отыр. Заң бойынша жұмысшылардың еңбекақысы өткен жылдағы орташа республикалық деңгейден төмен болмауы керек. Ал мұнда 2 жылға кешіккен көрінеді.
"2023 жылдың көрсеткішімен бұл сома 306 мың теңгені құрайды. Департамент өтініш берген кезде статистика деректерін ескерген. Сондықтан 2024 жылдан бастап 730 адамның өндірістік персоналдың жалақысын 306 мың теңгеге дейін көтерді", – деді коммуналдық кәсіпорынның қаржы директоры Алла Фатеева.
Коммуналдық қызметкерлердің айтуынша, мұндай қадам кадрларды жұмысқа шақыру үшін жасалып отыр. Өйткені 240 мың теңгеге жұмыс істегісі келетіндер аз. Бүгінде кәсіпорындағы кадрлар айналымының көрсеткіші 14,5 пайызды құрайды. Ай сайын 80-100 жұмыс орны бос қалады. Бұл қыста қаланы жылумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан үшін тиімсіз.
Гүлай Ашекова, Руслан Мұхамедьяров, Өскемен
Оқи отырыңыз: Елімізде бірнеше облыстағы шаруаларға субсидия берілмек