Балқаштан Ертіске дейін: Қазақстан 2026 жылғы су тасқынымен қалай күресті

12.05.2026 11:12

Еріген судың қомақты көлемі лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық жіберуге бағытталды

Almaty.tv

Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, — деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Вегетацияаралық кезеңде және 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су ресурстарын реттеу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде биылғы тасқын кезеңі штаттық режимде өтті, еліміздің су қоймалары жоспарлы көрсеткіштерге дейін толтырылды, гидротехникалық құрылыстарда төтенше жағдайларға жол берілген жоқ», — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, еріген судың қомақты көлемі лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық жіберуге бағытталғаны атап өтілді. Бұл бірқатар өңірлердегі экологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Мәселен, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданына 1 млрд м³-ден астам су берілді. Ертіс бассейнінде жайылма шабындықтарды суландыру үшін 9 сәуір мен 5 мамыр аралығында 6,4 млрд м³ су жіберілді.

Балқаш көлін толтыру жұмыстары жалғасты, оған 2025 жылдың қазанынан бастап биылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан 3,7 млрд м³ су бағытталды. Бұл Балқаш көліндегі су деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 11-17 мамыр аралығында ауа райы қандай болады