От тұтанып, адам өлімі тіркелген: Атырауда ескірген жеделсатылар тұрғындар өміріне қауіп төндіріп отыр

Өңірде тозған мыңнан аса жеделсаты бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда қауіпті жеделсаты өте көп. Шаһардағы Алмагүл, Аманшин сияқты ықшамаудандарда лифтілердің басым бөлігі әбден ескіріп, тозған. Салдарынан тұрғындар оқыс жағдайларға жиі тап болып, кабина ішінде қалып қоятын көрінеді. Тіпті бірнеше рет от тұтанып, адам өлімі де тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиі істен шығатын жеделсатының жыры тұрғындарды қажытқан. 20 жылдан бері ескірген лифт арқылы түсіп-шығатын жандар әбден қорқып қалған. Жиналғандардың айтуынша, күнара істемей, дірілдеп, кейде тіпті жарты жолда тұрып қалатын кездері өте көп.

«Тұрып қалатын жағдайлар жиі, қысылып қалады, жарақат алады. Балалар кішкентай, соныдықтан  қауіпті, қасында ересек адам болуы тиіс. Қорқамыз. Жаяу түсеміз. Мүгедек адамдар бар. Зейнеткерлер тұрады. Қауіпті екенін жаздық. Оған қарап жатқан ешкім жоқ», – деді қала тұрғыны Райполла Бижанов

 «Жеделсатының ақшасын көтерді деп естіп жатырмыз. Істемсе,  неге ақша төлеп отырмыз. Ішінде қалып қойсақ, жүрегің ауырады. Былтыр хат жаздық, тұрғындар қол қойды. Асты тазаланбаған, бір рет өртенді», – деді қала тұрғыны Роза Нұрғалиева.

70 жастағы зейнеткер Жұмазия Өтегенова да жеделсатының зардабын тартып болғанын айтады. Тоз-тозы шыққан қауіпті лифтіде бірнеше рет қалып қойып, бір өлімнен аман қалдым деп отыр.

«Лифтінің істегеннен істемегені көп. Ішінде қалып тұншығып өліп қала жаздадым. Құлап қалдым, көп тұрып қаламын», – деді қала тұрғыны Жұмазия Өтегенова.

Шенеуніктер бұл мәселені тек алдағы екі жылда шешеміз деп уәде етіп отыр. Республикалық бюджеттен қаржы қарастырып жатқан көрінеді. Орта есеппен бір көпқабатты үйдің лифттерін жаңартуға 120 миллион теңге қарастырылмақ. Ал ол беріле ме, жоқ па әзірге белгісіз.

«Жергілікті әкімдік емес, ақшаны республикалық бюджеттен бөлінеді. Аманшинадағы подьездердің әрқайсысы модернизацияда тұр. Алдағы уақытта алтауы да жасалады. Жалпы бір лифтке 20 млн қаражат бөлінеді. Лифт құлап кетуіне байланысты тексеріп, қауіп төніп тұрса жүргізбейміз», – деді қалалық ТҮКШ секторының маманы Медет Шакиров.

Тұрғындар бұған дейін бірнеше рет әкімдікке табан тоздырып барғанымен еш нәтиже болмағанын айтады. Көпшілік енді үнімізді аймақ басшысына жеткіземіз деп тарқасты. Өңірде мыңнан аса жеделсаты бар. Биыл жыл соңына дейін 20 жеделсаты жаңартылмақ.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Шымкентте жолда болған қанды төбелес: төрт күдікті қолға түсті

Новости партнеров