Отандық машина жасау саласы: Өндіріс көлемі 6 триллион теңгеге жуықтады

03.04.2026 19:15

Астанада өткен Машина жасаушылар форумында саланың 13%-ға өскені мәлім болды

Қазақстанда машина жасау саласы экономиканың басты драйверіне айналып, қарқынды дамып келеді. Былтыр көлік өндірісі 13 пайызға өсіп, жалпы көлемі 6 триллион теңгеге жуықтады. Астанада өткен Машина жасаушылар форумында бұл саланың өңдеу өнеркәсібінің 20 пайызын құрайтыны және алдағы уақытта да негізгі тірек болып қала беретіні айтылды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылған ірі алаңға әлемнің 19 елінен 250-ден астам компания қатысты. Көрмеде заманауи автобустар мен ауыр техникалардың отандық үлгілері халық назарына ұсынылды.

«Бүгінде заманауи автобустар мен ауыр техникаларды шекара асып алдыртудың қажеті жоқ. Себебі отандық зауыттарда өндірілетін көлік саны күн санап артып жатыр. Қазір елімізде құрастырылған техника түрлері дәл осы көрмеде халық назарына ұсынылуда», – дейді тілші Мәди Бижан.

Жиынға қатысқан Үкімет басшысы Олжас Бектенов салаға құйылған инвестицияның 376 млрд теңгеге жеткенін, бұл бизнестің мемлекеттік саясатқа деген сенімін білдіретінін атап өтті.

«Инвестициялар да өсіп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар үштен бірге артып, шамамен 376 млрд теңгені құрады. Бұл осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа деген бизнестің сенімін көрсетеді әрі өнеркәсіпті одан әрі жаңғыртуға негіз болады», – дейді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Форум аясында халықаралық әріптестікті нығайту мәселелері де сөз болды. Әсіресе, Қытаймен бірлескен роботтандыру жобаларына басымдық берілмек.

«Қазір біз Қазақстанның Машина жасау саласы қауымдастығымен бірлесіп, өнеркәсіптік роботтар мен оған қатысты салаларға бағытталған тұрақты көрме және жобаларды үйлестіру алаңын құруды жоспарлап отырмыз», – дейді Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі кеңесі жанындағы Машина жасау комитетінің президенті Чжоу Вэйдун.

Дегенмен, отандық кәсіпкерлер саланың бұдан да жылдам дамуы үшін қаржылық қолдау мен кадр мәселесін шешу қажеттігін алға тартады.

«Екінші деңгейлі банктерді дамытсақ деп ойлаймыз. Бізге шетелдегідей төмен пайызбен ұзақ мерзімді несие беретін болса, біз тез дамимыз. Сосын ең бастысы — кадр мәселесі», – дейді кәсіпорын басшысы Жаңабай Бекішев.

Жалпы, бүгінде елімізде машина жасау саласында 4 мыңнан астам компания жұмыс істеп, 130 мыңға жуық отандасымызды тұрақты табыспен қамтып отыр.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды